Kyzylorda-news.kz.  Қазалы ауданы әкімі Мейрамбек Шермағанбет Майлыбас ауылдық округіне қарасты Ақсуат ауылы мен Байқожа елді мекеніне іс-сапармен арнайылап барды. Ондағы әлеуметтік нысандармен танысқан аудан басшысы ең алдымен, Ақсуат ауылындағы ауылдық клубта жергілікті тұрғындармен кездесті. Ақсуаттықтармен Қазалы ауданында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар барысы жайында ой бөлісті. Сондай-ақ, тұрғындармен пікірлесіп, олардың талап-тілектеріне мән берді. 
Мұнан соң, Ақсуат ауылындағы әкімшілік ғимараты, тоқсан орындық балабақша, №100 орта мектеп ғимараты, дәрігерлік амбулатория мен орталық саябақты аралап шықты. Әлеуметтік нысандардың жай-күйіне қанық болған Мейрамбек Зинабдинұлы Ақсуат ауылдық округ әкіміне ең алдымен ауылды көркейту-көгалдандыру жұмыстарына ден қойып, тұрғындармен бірлесе отырып, тазалық жұмыстарын ұдайы жүргізуді тапсырды.
Сонымен қатар, Қазалы ауданы әкімі Мейрамбек Шермағанбет Байқожа елді мекеніндегі жалғыз білім ордасы №258 негізгі мектептің де жай-күйіне қанықты. Білім ордасында елді мекен тұрғындарымен кездесіп, олардың ұсыныстарын тыңдады. Байқожа ауылының тұрғындары аудан басшысы Мейрамбек Зинабдинұлына ауызсудың шектеулі уақытпен ғана берілетінін айтып, осы мәселені шешіп беруін сұрады. Қазалы ауданының әкімі Байқожа елді мекенінде локалдық су құбырын қайта жаңғырту жұмыстары былтыр басталғандығын жеткізді. Енді, биыл станция тұрғындарына сервистік жүйемен ауызсу кіргізілетіндігін тілге тиек етті.
 

Тағы да оқыңыз: