Kyzylorda-news.kz. Бүгін облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағанбет М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің ұйымдастыруымен №10 дарынды балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатында өткізілген «Кәсіби құзыреттілік: Білім. Инновация. Тәжірибе» тақырыбындағы дипломалды практика машықтанушыларының сабағына қатысты.

Сабақты жобалау және құрастыру, педагогикалық мақсатқа жету үшін алған білімін саралау, талдау мақсатында өткізілген шеберлік сағатта педагогикалық колледждің үздік 5 бітіруші түлектері мектеп-интернаттың 65 оқушысына әр түрлі тақырыпта шеберлік сабағын өткізді. Сондай-ақ, 7, 9 сынып оқушыларының белсенділігін арттыруда геймификация тәсілдері арқылы әдістемілік ринг ұйымдастырылды.

Үздік студенттердің сабағына арнайы қатысқан басқарма басшысы өткізілген сабақтарға оң бағасын беріп, бітіруші түлектерге сәттілік тіледі.

«Жаңашыл әдіс-тәсілдермен өткізген үздік студенттердің сабақтары шығармашылық, кәсіби құзіреттілік тұрғысынан жан-жақты талданып, машықтанушылар болашақ маман ретінде өз деңгейлерін жақсы көрсете білді. Болашақ ұстаздарымыздың келешегінен мол үміт күтіп, үлкен белестерді бағындырарына сенімім мол», - деді Мейрамбек Зинабдинұлы.

Жиын соңында тәжірибе барысында машықтанушыларға жетекшілік жасап, олардың кәсіби қалыптасуына үлес қосқан әдіскер-оқытушылар, шараны ұйымдастырушы колледж оқытушылары «Сабақ. Зерттеу. Тәжірибе» тақырыбындағы ұсыныс-пікір алаңында бас қосты. Сондай-ақ, әдіскер-оқытушылар баяндамаларын оқып, шығармашылық қабілеттері мен кәсіби құзіреттіліктерін көрсетіп, өзара тәжірибе алмасты.

332076600_967591884650504_5316008018780424896_n.jpg

Тағы да оқыңыз: