Kyzylorda-news.kz. «Қазақстанды, қазақты достықтың киелі шаңырағына теңесек, түрлі этностар оның алтын арайлы уықтары іспетті».
Менің Отаным – тәуелсіз Қазақстан. Алтай мен Атыраудың аралығындағы кең жазираны алып жатқан құтты мекен – менің туған жерім. Тарихтың талай талқысы мен теперішін көріп, «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқының өткенін бағамдап, бүгінін ой таразысына салып қарап отырсам, қазағымның басына Жаратқаным қиындығы мен қуанышын қатар бергендей екен. «Бабаларымыз өзгерлердің төріне шығу үшін өзі де меймандарына қақ төрінен орын беріп, құрмет көрсеткен», - деген сөзінің төркіні тереңде жатқандай. Қазақтың қонақжайлығы турасында айтылып та жүр, айтыла да бермек. Бірақ осы бір қасиетті өзі қуғын-сүргінде, небір зұлматты басынан өткеріп жүргенде қалай көрсете алды екен? деген сауал менің көкейімнен кетер емес. Тағдырдың талайымен, кеңестік саясаттың салқынымен қазақтың киелі жеріне ауа көшіп келген, кейбірі тіптен жер аударылып келген, ұлттар мен ұлыстар қазақтың жеріне қалай сіңісіп кетті екен?.. Иә, халқымыз талай тауқыметті бастан өткерді, бірақ өзінің даралығы мен даналығын жоғалтқан жоқ. Сондықтан болар, өзге ұлттарға көрсеткен құрметіміз бен көмегіміз өз елімізге, ұлтымызға несібе мен ырыс болып құйылғаны.
1 наурыз – Алғыс айту күні, Қазақстан халықтары ассамблеясының құрылған күні. Бұл – мейірімділік пен ризашылықтың, шексіз құрметтің мерекесі. Осы бір мерекенің күнтізбеге енуі турасында көп ойландым.
Алдымен есіме түскені – Мұхтар Мағауиның «Бір атаның балалары» туындысы. Қорғансыз неміс баласын бауырына басып, сұм соғыс жалмап кеткен үш бірдей ұлының ізбасарындай қабылдаған Ахмет атаның жүрегінің қазақтың дарқан даласындай кеңдігі. «Жетім көрсең, жебей жүр» деген халық ұлағатының бір көрінісі. Абай атамыз айтқан адамзаттың бәрін бауырым деп сүюінің дәлелі дер едім. Екінші бір ойға оралғаны – АЛЖИР атты Ақмола лагеріндегі тұтқын әйелдерге құрт лақтырған қазақтар туралы киноның үзіндісі. Өздері ішер асқа жарымай отырса да, қолда барын тұтқындармен бөліскен жергілікті халықтың ықылас-пейілі кімді болса да тебірентпей қоя алмайды. Тұтқындарға тас лақтырды деп мәз болған күзетшілер біліп қалған болса, кішкентай ұл-қыздарды да, олардың ата-анасын да бір оқтың құрбаны етер еді. Жанын шүберекке түйіп, өз бастарын қатерге тіккен қазақтардың бұл әрекеті үлкен ерлік дер едім. Бұлар тек бірнеше мысал ғана. Одан өзге де қолындағы бір үзім наны мен бір уыс дәнін өз балаларының аузынан жырып бөліскен, үйінің төріне шығарып, бауырына басқан қазақ отбасылары қаншама! Неміс, кәріс, шешен,т.б. сияқты ұлттардың қазақ арасына сіңісіп, етене араласып кеткені де қазақтың кеңпейілділігінің арқасы. Осының бәрі – алғыс айтуға тұрарлық қасиет емес пе?! Кейбірі , тіпті, өздерінің тарихи Отандарына көшіп кетсе де, қазағымның осы бір қонақжайлылығы мен кеңпейілділігін сағына еске алып, басын иіп алғысын жаудырып жатқанының да талай куәсы болып жүрміз. Көпұлтты мемлекетіміздің көк Туын желбіретіп, атағын асқақтатып жүрген Илья Ильин, Ислам Байрамуков, Генадий Головкин, Марина Вольнова, Ольга Рыпакова сияқты ұл-қыздарының жеңісі де халқыма айтқан алғыстарының, елімізге деген шексіз сүйіспеншілігінің белгісі ретінде қабылдасақ та болады.
«Өз халқын сүйетін адам, өз жұртына жақсылық тілеген кісі өзге халықтарды ашындырмайды, өз ұлтын ешкімге қарсы қоймайды,»- деген Елбасының сөзінің жаны бар. Ынтымағымыз жарасып, қазағым достықтың киелі шаңырағы , ал өзге ұлттар оны ұстап тұрар уығы болып, тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Керегемізді кеңінен жайып, шаңырағымыз шайқалмай, Мәңгілік Ел атанып, болашаққа сеніммен қадам баса берейік. Қазағым, саған мың алғыс!
Мариям ҚОЖАХМЕТОВА,
С.Лапин атындағы №261 мектептің 11-сынып оқушысы
