Облыс әкімінiң орынбасары Мейрамбек Шермағанбет Қызылорда облысы әкімдігі мен «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ қолдауымен ұйымдастырылған «Біліміміз – Елімізге» жобасы аясында «Болашақ» бағдарламасының түлектері – жоғары білікті медицина мамандарының қатысуымен Шиелі ауданында көшпелі медициналық қабылдау өткiзген дәрігерлердi арнайы қабылдап, алғыс бiлдiрдi.

Көшпелі медициналық қабылдау өткiзген балалар кардиохирургі, интервенциялық кардиолог, эндокринолог, гинеколог, уролог, онкогинеколог, инфекционист-эпидемиолог, оториноларинголог және психолог мамандары 400-ден астам аудан тұрғынына консультациялық-диагностикалық көмек көрсетті.

Сондай-ақ, мамандар тұрғындардың денсаулық жағдайын бағалап, зерттеу нәтижелерін саралап, қажетті медициналық ұсынымдар айтты.

Медициналық көрсеткіштеріне сәйкес 45 тұрғынға жоспарлы стационарлық емге, оның ішінде хирургиялық емге қатысты кеңес берілдi.

Айта кету керек, «Біліміміз – Елімізге» жобасы 10 жылдан астам уақыт бойы жүзеге асырылып келеді. Оның мақсаты  «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің білімі мен халықаралық тәжірибесін ел игілігіне бағыттау.

Жобаның медициналық бағыты төрт жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Бұл бастаманың негізін қалаған белгілі дәрігер-аритмолог, “Болашақ” түлегі Ғани Төлепбергенов биылғы жылдың басында өмірден өтті. Осы жолғы сапар оның қатысуынсыз алғаш рет ұйымдастырылды. Әріптестері мен қауымдастық мүшелері сапарды Ғани Төлепбергеновтің рухына арнап, оның медицина саласындағы еңбегі мен кәсіби мұрасын ұлықтау мақсатында жобаның медициналық бағытына дәрігердің есімін беру туралы шешім қабылдады.

Тағы да оқыңыз: