Kyzylorda-news.kz. Қазақстан журналистерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Назарбаев Зияткерлік мектептерінде бастау алған медиамарафонға Сыр өңіріндегі журналистер қосылды.

Қызылордадағы NIS-тің бастамасымен ұйымдастырылған тимбилдингте бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері «Туған елге тағзым» өлкетану-зерттеу экспедициясының оқушыларымен бірге топтық ойындарда сайысқа түсті. Командалық тапсырмаларды орындау барысында қатысушылар бойында достық, ауызбіршілік секілді құндылықтар анық байқалып, көтеріңкі көңіл-күйде уақытты тиімді өткізді.

«Бұл шарада маған ерекше әсер қалдырды. Тапсырмалар жеңіл көрінгенімен тобымызды ширатты. Бос қауашақтардан қамал тұрғызып, шеңбердің ішінен өтіп, қиындықтарды бірге еңсердік. Бірге ән салып, би билеп, бір сәт жұмыстан қол үзіп, ойымыз да, бойымыз да сергіп қалды», – дейді «Сыр бойы» облыстық газетінің тілшісі Гүлбану Мақажан.

Достықты ту еткен белсенді ойындар әрі қарай салтанатты шарамен жалғасты. Мектеп директоры Бахыт Жұматай бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдағы рөлін атап өтіп, кәсіби мерекемен құттықтады.

Әрқашан қоғамдық ахуалдың шебінде жүріп, халықты маңызды ақпаратпен қамтамасыз етіп, NIS жетістігі мен оқушылардың табысты еңбектерін жан-жақты насихаттауға қосқан ерекше үлесі үшін аймақтағы бірқатар БАҚ өкілдері мектеп директорының Алғыс хатымен марапатталды.

Сонымен қатар жыл ішінде 20-ға жуық зияткер шәкірттермен сұхбат жүргізіп, кең көлемді материал дайындаған мектептің бірнеше жылдан бергі досы – «Ақмешіт жастары» газетінің тілшісі Гүлдана Жұмадиноваға «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның басқарма төрағасының атынан Алғыс жарияланды.

Мектеппен үнемі байланыста болып, ақпарат айдынында ынтымақтастықта жұмыс жасайтын «Өңірлік коммуникациялар қызметі» мемлекеттік мекемесі, Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасы мен «Достық үйі» мемлекеттік мекемесінің қызметкерлеріне құрмет көрсетіліп, мектеп оқушыларының қолынан шыққан арнайы сыйлықтар табысталды.

Тағы да оқыңыз: