Kyzylorda-news.kz Қызылорда қаласындағы Достық аллеясында «Масленица – 2026» мерекесі аталып өтті. Ашық аспан астында ұйымдастырылған думанды шараға 500-ге жуық қала тұрғыны жиналды. Олар қысты шығарып салып, көктемді қарсы алу дәстүрін кең көлемде атап өтті. Бұл жолғы мереке тек этностық салт-дәстүрдің көрінісі ғана емес, қоғамдық келісім мен ел бірлігінің жарқын үлгісіне айналды.

Мерекелік жиында алғашқы сөз кезегі Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Артур Қамбаровқа берілді. Ол жиналған қауымды Масленица мерекесімен құттықтап, өңірдегі этномәдени бірлестіктердің қоғамдық тұрақтылық пен келісімді нығайтудағы рөліне тоқталды. «Бірлік пен өзара құрмет – мемлекет ретінде дамуымыздың берік іргетасы», – деген ол 2026 жылғы 15 наурызда өтетін республикалық референдумға да назар аударды. Конституция – елдің болашақ бағдары мен құқықтық негізін айқындайтын басты құжат екенін атап өтіп, азаматтарды елдік мүддеге бейжай қарамауға шақырды.

Қалалық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Жағыпар Тажмаханов та сөз алып, Сыр өңіріндегі татулық пен берекенің маңызын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, аймақтағы әрбір мәдени шара – қоғамдық келісімді тереңдететін маңызды қадам.

Масленица – 2026» татулық пен дәстүр тоғысқан тағылымды мереке.jpg

Мерекелік шарада «Славяне» қоғамдық-мәдени орталығының төрағасы Галина Щербакова жиналған қауымды Масленица мерекесімен құттықтады. Ол орталықтың қызметіне қолдау білдіріп жүрген мемлекеттік органдарға, серіктес ұйымдарға, шығармашылық ұжымдарға және белсенді тұрғындарға ризашылығын жеткізді. Сонымен қатар өңірдегі этностар арасындағы татулық пен өзара құрметтің маңызына тоқталып, мұндай шаралар халық достығын одан әрі бекемдей түсетінін атап өтті.

Шара мазмұны бай әрі көпқырлы болды. Аллея аумағында славян этностарының ұлттық тағамдары мен қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылып, қонақтарға дәстүрлі құймақ пен тәттілер ұсынылды. Күннің нышаны саналатын құймақ – молшылық пен жылылықтың белгісі ретінде мерекенің басты символына айналды. Сонымен қатар спорттық жарыстар, арқан тарту, қаппен жүгіру секілді ұлттық ойындар көрермендерге ерекше қызықты болды.

Масленица – 2026» татулық пен дәстүр тоғысқан тағылымды мереке1.jpg

Концерттік бағдарлама мазмұнды шығармашылық нөмірлермен өрбіді. Қазақтың «Қара жорға» биі мен орыстың «Валенки» әні сахнада жарасымды үйлесім тапты. «Жемчужинка», «Анар Бэби», «Надежда» шығармашылық ұжымдары мен жеке орындаушылар халық әндері мен частушкаларды орындап, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Қазақ және орыс тілдеріндегі әндердің қатар шырқалуы – мәдениеттер үндестігін айшықтай түсті.

Масленица – 2026» татулық пен дәстүр тоғысқан тағылымды мереке2.jpg

Сахналық көріністер арқылы Масленица аптасының әр күніне тән дәстүрлер таныстырылды. «Лакомка», «Тещины вечерки», «Золовкины посиделки», «Прощеное воскресенье» секілді ғұрыптар әзіл-қалжыңмен баяндалып, көрермендерді белсенді қатысуға шақырды. Әсіресе, кешірім сұрау күніне арналған бөлімде татулық пен сыйластықтың терең мәні кеңінен көрініс тапты.

Масленица – 2026» татулық пен дәстүр тоғысқан тағылымды мереке3.jpg

Мереке соңында көпшілік ән шырқап, би билеп, ортақ қуанышпен тарқасты.

Тағы да оқыңыз: