Kyzylorda-news.kz «Отан – отбасынан басталады» дейді. Отбасы – ең негізгі, мықты тәрбие бесігі, шағын мемлекет. Отбасының негізі баланы өмірге келтіру ғана емес, оны мәдени- әлеуметтік ортаның құндылығын қабылдату, ата-әженің ақыл-кеңесін бойына сіңіру, қоршаған орта, адамзатқа, өз қоғамына пайдалы етіп тәрбиелеу. Ия, баланың дұрыс бой түзеп, тұлға болып қалыптасуында өз ұясының, отбасының ықпалы орасан.  Ұядағы ата-ананың, үлкеннің жасаған әр ісі жинақталып, перзент мінезінің қалыптасуына үлесін қосады.

Біз балаларымызға жастық кезеңнен салт-дәстүр мен ұлттық құндылықты сіңіру, жаман-жақсымен қатар, өз құқықтарын да жете түсіндіре білуіміз қажет. Жанымызға тарта отырып, сырласа сөйлессек, баланың әр ісін, жоспарын біліп отыруға мүмкіншілік болады. Сол арқылы кездесуі мүмкін қатерлерден қорғауға қол жеткізе аламыз. Өзін заң аясында қорғай білуге, өз құқықтары бойынша білімін игеруге ықпал жасауға тиістіміз.

Бала құқығы және бала құқығын қорғау мәселесі қазіргі таңда өте өзекті дүниеге айналды. Ата-ана, педагог, құқық қорғау саласы өкілдері бірлесе айналысқанымен, жасөспірімдер арасындағы әлімжеттік, топтық төбелес, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болу, құмар ойындар мен зиянды әдеттерге бой алдыру жастар арасындағы кезек күттірмей шешімін табуы қажет өткір мәселелерге айналып отыр.

Бұл тұрғыда «AMANAT» партиясы да қоғамдағы өзекті мәселелер бойынша біршама жұмыстар атқаруда. Мәселен, «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында өткен жылы «Балаларға жайлы инфрақұрылым» қарастыру тетіктері талқыланып, шаһарымыздағы білім нысандарына мониторинг жұмыстарын жүргіздік. Аталмыш жоба бұдан бөлек отбасыдағы татулықты, қоғамға үлгілі жанұялардың баянды бақытының сыры жайлы танымдық кездесулерді де қамтиды. Жасөспірім қыздар көпбалалы, алтын құрсақты аналармен кездессе, әкелер қауымының да өзекті мәселелерді талқылайтын жиыны түрлі деңгейде өз жалғасын тауып келеді. Үлкен буынның тәжірибесі, өмірдегі түйгені, ақыл-кеңестері, ата-ананың өз борышын мүлтіксіз орындауы, бір-бірін құрметтеуі – енді қалыптасып келе жатқан жас үшін үлкен тәрбие мектебі.

Сондай-ақ, өскелең ұрпақтың бос уақытын тиімді пайдалануы үшін партиялық "Ұлттық мұра" жобасы аясында ұлттық құныдылықтарымызды дәріптейтін танымдық шаралар ұйымдастырылып келеді. Оның ішінде ұлттық ойындарымыздан бастап, баланы елжандылыққа тәрбиелейтін, ана тілімізді дамытатын ауқымды шаралар легі де қарастырылған.

Бұл атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы да ұрпақ келешегі үшін, балаларымыздың жарқын болашағы мен уайымсыз балалық шақты өткеруіне деген қолдау.

Маржан Қылышбайқызы БИСЕНОВА

Қызылорда қалалық мәслихатындағы «AMANAT» партиясының депутаттық фракция мүшесі 

Тағы да оқыңыз: