Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облыстық неміс этномәдени бірлестігінің белсендісі Мария Семеникина 16 желтоқсан - Тәуелсіздік күніне орай сырбойылықтарға мерекелік лебізін білдірді.
«Ел болып қалыптасу жолында тұғырымызға қонған Тәуелсіздік күнінің маңызы айрықша. Өркениет көшіне ілесуде қазақстандық әр азаматтың үлесі мен еңбегі ұшан-теңіз. Тарих парақтарында айтылған бабалар арманы мен аманатына бүгінгі қоғам өкілдері ұлы көзқараспен қарау керек. Еліміздің тыныштығы мен бейбітшілігін күзетіп, ынтымағы мен ырысын жарастырып отырған халқымның бірлігі бекем болсын. Аңсаған арманнан баянды баққа жалғасқан егемендік байрағы бейбіт аспанда ғана желбіреп, абырой төрінен, еңселі ел биігінен көрінуге тілектеспін», - дейді Мария Семеникина.
Бірлестік белсендісі өз сөзінде елдің келешегі жастардың қолында екенін айтып, мемлекетіміздің дамуы жолында олардың аянбай еңбек етіп жатқанын тілге тиек етті.
«Бүгінде ел жастары мемлекеттің даму жолында білімдерін шыңдап, біліктіліктерін арттыруда. Еліміздің болашақ қадамдарына, тұрақты дамуы мен кемел өркендеуіне сәттілік тілеймін. Ұлы мерекемен баршаңызды құттықтаймын», - деді Мария Семеникина.
