Kyzylorda-news.kz Сенбіде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында «Киелі мекен» апталығы өтіп, ауданның барлық аумағында орналасқан тарихи ескерткіш пен саябақтарға, кесене мен қорымдарға санитарлық-тазалық, көркейту-көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Осы орайда, ағымдағы жылдың 6 сәуірден бастап аудан әкімі Жандос Еркінбектің жетекшілігімен Қармақшы ауданының барлық аумағында көктемгі тазалық және көгалдандыру жұмыстары қызу жүруде.

Экологиялық акция аясында Қорқыт ата кесенесінен бастап, Марал ишан, Қалқай ишан, сияқты киелі жерлер мен тарихи орындарға тазалық жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ демалыс саябақтары мен жасыл белдеуге ағаш отырғызылды.

Игі шаралардың легі аудан орталығындағы «Жастар» саябағында ағаш отырғызу акциясымен жалғасты. Айтулы іс-шараға аудандық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес, ардагерлер кеңесі, әйел-аналар кеңесінің мүшелері, үкіметтік емес ұйымдар, діни бірлестіктер, көп балалы аналар мен ерекше жандар, жастар мен еріктілер және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.

Өткен жылы аудан әкімінің қолдауымен аталмыш саябаққа су ұңғымасы (скважина) қазылып, аяқсу мәселесі толық шешілген болатын. Бүгін міне қармақшылықтар Президент бастамасын қолдай отырып, «Жастар» саябағының жасыл желекке айналуына зор үлестерін қосуда.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасымен бастау алған игі іс-шараға Қармақшы ауданының әкімі Жандос Еркінбек қатысып, ардагерлермен бірге үш жүзге пір болған Марал Ишан кесенесінің аумағына тал отырғызды. Алдымен баба рухына Құран бағышталып, одан кейін көркейту-көгалдандыру бойынша ағаш көшеттері егілді. Былтыр демеушілік есебінен осында су ұңғымасы қазылып, аяқ су мәселесі толық шешімін тапқан-ды. Енді жасыл-желекті суғаруда еш кедергі жоқ. Сонымен қатар сенбілікте қорымның айналасы күл-қоқыстан тазартылып, көркем кейіпке енді. 
Шара барысында аудан басшысы әр елді мекеннің тазалығы, сәулетті көркі тұрғындардың жанашырлығына байланысты екенін айта келе, жиналған жұртшылықты Мемлекет басшысының бастамасын бірауыздан қолдауды, туған жерді бірге көркейтуге шақырды.

Қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған акция ауданның барлық елді мекендерінде жалғасын тауып, мекеме, кәсіпорын қызметкерлері мен еріктілер тазалық жұмыстарына өз үлестерін қосты.

 

 

Тағы да оқыңыз: