Kyzylorda-news.kz. Арал аудандық мәслихат және қоғамдық кеңес өкілдері бірқатар елді мекендерді аралады.
Биыл ауданда орын алған қуаңшылық жағдайы жергілікті мал бағып отырған шаруаларға оңайға соқпағаны белгілі. Осы орайда аудандық мәслихаттың хатшысы Базарбай Төрахметов пен «Nur Otan» партиясы Арал аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, аудандық қоғамдық кеңесінің мүшесі Талғат Қанатов және аудандық мәслихат депутаты Батырхан Прекеев ауданға қарасты Қосжар, Бөген, Қаратерең және Жаңақұрылыс ауылдық округтерін аралап, жергілікті тұрғындармен кездесу өткізді.
Жергілікті халықпен жүздесу барысында биылғы қуаңшылық салдарын еңсеру бағытында қолға алынған жұмыстар мен қабылданған шаралар жайын тұрғындармен пысықтап, қазіргі таңда нақты атқарылып жатқан жұмыстардың барысы мен жүзеге асырылуы қажет деген шаралардың жай-жапсарын баяндап өтті.
Соның ішінде қиындыққа тап болған шаруаларға төтенше жағдай аясында тиісті көмектер жасалатындығын жеткізді. Бұдан бөлек, ауданға Болат Өтемұратов қорынан бөлінген қаржы бойынша тұрмысы төмен, аз қамтылған отбасыларды мал азығымен қамту бағытында да жұмыстардың басталып кеткендігін айтып, бұл жұмыстар әлде де жалғасын табатыны жайлы айтты.
Тиісінше жергілікті тұрғындар да төтенше жағдай қабылданғалы бері ауылға көршілес аудандардан және «Қиындықта ел бірге» акциясы аясында тегін шөп және Б.Өтемұратов қорынан бидай жемі (кебек) жеткізіліп, алғашқы кезекте мұқтаж отбасыларға тиісті көмектер жасалып жатқандығын ризашылықпен жеткізді.
Төрт түлікті түлетіп отырған тұрғындардың ендігі тілегі ауылға мал азығын төмендетілген бағамен жеткізіп беруге қолдаулар жасалса дейді. Бұл бағытта да тиісті жұмыстарды іске асыру шаралары аудан әкімдігінің күн тәртібінде тұрғандығын айтқан мәслихат және қоғамдық кеңес өкілдері бастысы ахуалға сабырмен қарап, халық арасындағы ауызбіршілікті сақтап, ел болып бұл қиындықты еңсеруге жұмылу қажет екендігін атап өтті. Сонымен қатар ауданымыздағы төтенше жағдайды еңсеру барысында атқарылған жұмыстар қоғамның назарынан тыс қалмай, әр қаржы мен көмек жергілікті қоғамдық кеңестің басты назарында болатындығын атап өтті.