Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облыстық өзбек этномәдени бірлестік жетекшісінің орынбасары Манзура Абдугафарова 16 желтоқсан - Тәуелсіздік күніне орай мерекелік лебізін білдірді.
«Құрметті Отандастар! Еліміздің еңсесін тіктеп, елдігіміздің уығын нық қадауға себеп болған Тәуелсіздік күнімен баршаңызды құттықтаймын. Еркіндіктің бастауына қол жеткізген бұл күн әр қазақстандықтың ұлы арманы мен мақсатына серпіліс берген тарихи мезет десек те жарасады. Өйткені, талай ғасыр азаттықта жетуді армандаған бабалар аманаты орындалып, дархан дала тарихында тәу етер тәуелсіздік күні күнтізбеге енді. Елдегі қоғамдық ахуал реттеліп, әлеуметтік сипаттың оңалуына егемендіктің септігі тигені рас», - дейді Манзура Абдугафарова.
Бірлестік жетекешісінің орынбасары өзінің ақ тілегінде ұлт пен ұлыстың басын бір шаңырақ астына біріктіріп, қасиетті жеріміздің ұлылығы мен киесін арттыруда елдегі атқарылған жұмыстардың да нәтижесі мол екенін айтты.
«Бүгінде осы тарихи һәм саяси сипатқа ие күннің шарапаты халыққа шуақ болып тұр. Егемендіктің алғашқы жылдарындағы халықтың әл-ауқаты жақсарып, еңсесі биіктеп қалды. Жаратқан ие бабалар тілегіне, ұрпақтар несібесіне берген тәуелсіздік күнінің қасиеті арта берсін. Сыртымызды жаудан, ішімізді даудан сақтасын. Тұғыры биік, көк байрағы желбіреген, мұратына жеткен елге айналуға тілектеспін», - дейді Манзура Абдугафарова.

