Kyzylorda-news.kz Мамандық таңдау – әр адамның өміріндегі ең маңызды әрі жауапты шешімдердің бірі. Бұл шешім адамның болашақ тағдырын, өмір сүру салтын, қоғамдағы орнын айқындайды. Сондықтан мамандық таңдауға жеңіл-желпі қарауға болмайды. Көп жағдайда жасөспірімдер мектеп бітірер кезде нақты қандай жолды таңдарын білмей, ата-ананың кеңесіне немесе достарының таңдауына сүйеніп жатады. Алайда мамандық – біреудің емес, өзіңнің өмірлік жолың. Сол себепті бұл таңдауда ең алдымен жеке қызығушылық пен қабілет ескерілуі тиіс.
Әр адамның бойында табиғи дарыны, икемі болады. Біреу есепке жүйрік болса, енді бірі шығармашылыққа жақын, ал тағы біреулер адамдармен тіл табысуда шебер келеді. Егер адам өз қабілетіне сай мамандықты таңдаса, ол жұмысты қуанышпен атқарады, үнемі дамуға ұмтылады және кәсіби табысқа жетеді. Керісінше, жүрек қалауына қарсы таңдалған мамандық уақыт өте келе жалықтырып, рухани күйзеліске әкелуі мүмкін. Сондықтан өз-өзіңді тану – дұрыс таңдау жасаудың алғашқы қадамы.
Сонымен қатар мамандық таңдауда қоғам қажеттілігін де ескеру маңызды. Қазіргі заманда еңбек нарығы жылдам өзгеруде, жаңа мамандықтар пайда болып, кейбірі сұраныстан шығып жатыр. Болашақта сұранысқа ие болатын салаларды зерттеу, кәсіби бағдар беру мамандарымен кеңесу – жауапты шешім қабылдауға көмектеседі. Бірақ тек табысқа немесе атаққа қызығып таңдау жасау да қателік болуы мүмкін. Себебі адам сүймеген ісінде үлкен жетістікке жете алмайды.
Мамандық таңдау – тек жеке мүдде емес, қоғам алдындағы жауапкершілік те. Дәрігер адамның денсаулығына, мұғалім ұрпақ тәрбиесіне, инженер қауіпсіздік пен сапаға жауап береді. Әр маман өз ісін адал әрі кәсіби деңгейде атқаруы тиіс. Сондықтан бүгінгі дұрыс таңдау – ертеңгі сапалы қызметтің кепілі.
Қорытындылай келе, мамандық таңдау – болашаққа жасалған маңызды қадам. Ол саналы ойды, байыпты шешімді және үлкен жауапкершілікті талап етеді. Өз қабілетіңді танып, қызығушылығыңды ескеріп, заман талабын саралай отырып жасалған таңдау ғана адамды бақыт пен табысқа жетелейді.
Аяжан Махамбетәлі
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 4-курс студенті
Фото: freepik.com
