Kyzylorda-news.kz Астаналық ару Әйгерім Серік 5 тонналық жүк көлігін айдап, адал еңбек етіп, көптің көңілінен шығып жүр. Көлік айдап, жүк тасып, кәсібін дөңгелетіп отырған қыз техниканы 10 жасынан бастап меңгерген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлады.

“Көлікке қызығушылық танытуыма әкем себепкер болды. Әкем – трактарист. Алғашқы көлігімді 18 жасымда алдым. Көрген адамдардың бәрі “қыз балаға механика қиын емес пе?” деп сұрайды. Жүк көлігін алған соң адамдардың қызғушылығы да, маған қояр сұрақтары да одан бетер артты. Танымал бола бастадым”, – дейді Әйгерім Серік.

Әйгерімнің айлық табысы 1 миллион теңгеден асады. Айтуынша, күніне 4-5 тапсырыс алып, көлігімен жүк тасиды. Жүк тасу қызметіне сұраныс күн сайын артып келеді.

“Әйгеріммен жұмыс істеп жүргенімізге 4-5 ай болып қалды. Өте жақсы қыз. Айтқан уақытта келеді, тапсырысты уақытында жеткізеді. Қосшыға дейін апарады, Қояндыға дейін апарған кездері болды”, – дейді қала тұрғыны Нұрсұлтан Қосекенов.

Астаналық арудың негізгі мамандығы – ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Тіпті актерлік білімі де бар. Алайда Әйгерім дипломмен жұмыс істеуден көрі, болашағын көлікпен байланыстырғанды жөн көріпті.

“Алдағы уақытта басқа елдерден техникалар алып келемін. Қазақстандықтарды түрлі техникалармен қамтамасыз ету. Жүк көлігі, трактор, су таситын көлік секілді құрылысқа керекті көліктерді алу келу ойда бар. Бұған дейін Дубайдан машина, көліктің бөлшектерін тасығанмын.

Әйгерім Серік көлікті жөндеп қана қоймай, жөндей де біледі. Одан бөлек аттың құлағында ойнайтын өнері де бар. Астаналық ару тіпті әлеуметтік желіде де танымал. 

Фото: Видеодан скрин

Тағы да оқыңыз: