Kyzylorda-news.kz. Мамандар елімізде алаяқтардан қорғану үшін цифрлық егізін дайындау керегін айтады. Мәселен, онлайн сервистерге тіркелу үшін арнайы SIM-карта алып, бұл қызметтерді төлеу үшін арнайы банк қызметін рәсімдеу керек дейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Astana арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Сонымен қатар ұмытылмайтын, бірақ күрделі құпиясөз орнату керек екен. Әрі ашық Wi-Fi-ға қосылуға кеңес берілмейді.
“Интернетте төлем жасау үшін цифрлық карта ашқан жөн, мұны кез келген банкте 1 минутта жасауға болады. Бұл негізгі есепшот және депозитке байланысты болмауы қажет", – деді киберқауіпсіздік бойынша сарапшы Евгений Питолин.
Мәжілісмендер қазір жеке деректерді қорғау туралы заң жобасын әзірлеп жатыр. Егер қабылданса, азаматтарға жеке деректерінің жария етілгені туралы хабарлама келіп отырады. Сондай-ақ жеке деректерді жариялағаны үшін айыппұл да өседі.
"Мұнымен қатар мәжілісте Әкімшілік кодекс қаралып жатыр. Біз мұнда айыппұлды 3 есеге өсіруді ұсындық. Қазір оның көлемі 50 АЕК-тен 5000 АЕК-ке дейін. Біздің ойымызша, айыппұл жеке деректерді қорғау үшін оператор жұмсайтын шығындардан көп болуы қажет", – деді мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева.