Kyzylorda-news.kz. Қазақ халқы ежелден төрт түлік малына аса мән беріп, күн көріс құралы ретінде бағалаған.
Осы салтымыз қазіргі күні де өзектілігін жойған жоқ. Әсіресе, халықтың басым бөлігі қоныстанған аудан, ауылдарда мал санын өсірумен қатар мал тұқымын асылдандыру көптеп қолға алынуда. Бұл өз кезегінде ветеринариялық іс-шараларды атқару және адам мен жануарларға ортақ аса қауіпті аурулардың алдын алуда жүргізілетін ауқымды жұмыстарды қамтиды.
Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіріп, ҚР АШМ дерекқор базасына енгізу арқылы жануарлардың есебін анықтау және оларды аса қауіпті жұқпалы ауруларға қарсы егу аса маңызды іс-шара. Бірдейлендірілген жануарлар аса қауіпті ауруларға қарсы мемлекет есебінен тегін егіледі.
Осыған орай жануарларды бірдейлендірудің қазіргі заман талабына сай әдістері де қолданысқа келуде. Бұрын жылқы жануарына пайдаланылатын таңбалау әдісі кезінде (ыстық, суық тәсілдермен күйдіріп таңбалар басу) қиындықтармен қатар жануарларға зиянды жақтары да (механикалық соққы алу, құлау, сүйек сыну, дене мүшелеріне зақым келу, іш тастау, т.б.) орын алатын. Ал, қазір чиптеу арқылы бірдейлендіру тиімді әдіс болып отыр. Себебі, чип арнайы шприцпен жануардың тері астына салынады және өмір бойына сақталады. Чиптеу әдісін барлық жануарлардың түріне пайдалануға да болады.
Сонымен қатар, аша тұяқты жануарларға (мүйізді ірі қара, түйе, уақ мал, шошқа) салынатын сырғаның чиптелген электрондық түрін (радиожиелікті) алуға болады. Бұндай сырға салынған жануарлар «Ақпараттық-талдау жүйесі (ИАС)» Республикалық мал шаруашылығы жүйесіне бірден тіркеліп тұрады.
Электрондық сырға да, чип те сканер арқылы оқылады. Сканерді мал егесі сатып алуына да болады немесе ветеринариялық ұйымдардағы сканерді пайдалануға болады. Мал егесі сатып алған электрондық сырға мен чипті ветеринариялық ұйымдардың мамандары тегін салып береді.
