Kyzylorda-news.kz «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының өкілдері Сайлауалды бағдарлама аясында мал басын көбейту, асылдандыру мен өнімін ұлғайту бағытында атқарылған жұмыстарды саралау масқатында Қызылорда қаласына қарасты Қосшыңырау ауылдық округінде орналасқан «Аруана» шаруа қожалығы жұмысына партиялық бақылау жасады.
Мониторинг жұмысына партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов, партиялық бақылау комиссиясы төрағасының орынбасары, облыстық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Ержан Искендер, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мал шаруашылығын дамыту бөлімі басшысы Даулетбек Абдирасулов, сонымен қатар қалалық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысының орынбасары Нұрбек Әзірбек қатысты.
Атап өту керек, Қызылорда қаласы бойынша түрлі бағытта жұмыс жасап тұрған 279 шаруа қожалық бар. Солардың бірі «Аруана» шаруа қожалығы. Қожалық 2004 жылдан бастап, мал шарушалығы бағытында жұмыс істейді. Бүгінде қожалықта 363 ірі қара, 93 жылқы мен 75 түйе бар. Оның ішінде 180 бас аналық «Ақбас» породасы өсіріледі. Шаруа қожалығының аумағы 1000 га жайылымдық жерді құрайды.
Бір ғана түйенің сүтін сатып, кәсіп бастаған Бақыт Жакешбаев, үлкен шаруа қожалығын ұстап тұруда мемлекет тарапынан қолдау жасалғандығын атап өтті.
«Аграрлық сектор капиталды көп қажет ететін өндіріс. 2022 жылы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы ауылшаруашылығы техникасына және мал шаруашылығына 30 млн. теңге несие алдық. Сондай-ақ, ірі қара малдың асыл тұқымды аналық басымен селекциялық және асыл тұқымдық жұмысты жүргізуге субсидия алып отырымыз. Жұмыс істесең перспиктивасы бар, бірақ кәсіби көзқарасты талап етеді. Қолдан келгенше жұмыс істеудеміз. Қазір 4 азаматты жұмыспен қамтып отырмыз. Ауыл шарушылығына мемлекет тарапынан қолдау жеткілікті. «Сыбаға» бағдарламасын сәтті іске асырып, бүгінгі күні өз төлдерін сататын репродуктор шаруашылық деңгейіне жетіп отырмыз», – деді қожалық иесі Бақыт Жакешбаев.
Өз кезегінде сөз алған партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов агроөнеркәсіпті қолдау, ауыл халқының табысын арттыру Мемлекет басшысы мен «AMANAT» партиясының стратегиялық міндеттерінің бірі екенін атап өтіп, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды жеткізді.
«Мемлекет басшысы ауылшарушылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында агроөнеркәсіп саласындағы қызметтер мен процестерді толығымен электронды форматқа көшіруді жеделдету қажеттігін атап өтіп, субсидия алу мен жеңілдіктерді пайдалану алгоритмдері фермерлер үшін барынша қарапайым және түсінікті болуы керектігін айтты. Расында цифрландыру агроөнеркәсіп кешенінің бәсекеге қабілетін арттырады, көлеңкелі сектордың үлесін азайтуға септігін тигізеді», – деді ол.
Фото: Аманат партиясы