Kyzylorda-news.kz Шыны шығаратын зауыт елімізде санаулы болса, соның ең ірісі – өңірді дамыту мәселесін өрге сүйреген Қызылорданың «Орда Гласс» ЛТД» зауыты. Мақсат Ибрагимұлы осы зауытта еңбек етеді, сирек мамандықты игерген маман. Ол қалқымалы шыны өндірісі бөлімінде оператор ретінде өнімнің қалыңдығы мен енін екшеп береді.
Аймақ басшысының араласуымен мұнда жергілікті азаматтар жұмысқа қабылданды. Зауыт иелері тиісті міндетіне сай мамандарды оқытты, кәсіпке үйретті.
– Біздің өндірген өнім үлкен сұранысқа ие. Экспортқа да шығарылады. Елімізге қажеттілікті осы зауыттан алатын болсақ, онда ішкі инвестиция болып саналады. Яғни, қаражат өзімізде қалады деген сөз.
Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен Сыр өңірі дамудың жаңа белесіне қадам басты. Индустрия саласына инвестиция тартылды. Шағын және орта кәсіпкерлік белдеуін құруға мүмкіндік берді. Осындай жарқын жобаға араласып, өз үлесімді қосқанымды мақтаныш санаймын, – дейді Мақсат.
Бұған дейін бірнеше салада жұмыс жасаған азамат заманға лайық мамандық алып, жұмысшы болудың мәртебесі биік екенін мойындайды. Замандастарының оқып, білім алғанын қалайды. Өз қаламызда озық технологиялық өндіріс ошағы болып, онда жерлестерінің жұмыс жасағанын жөн көреді. Өйткені Мақсат Ибрагимұлы екі қыз, бір ұлдың әкесі ретінде отбасының әлеуметтік жағдайы жақсарғанын айрықша жеткізді.