Kyzylorda-news.kz Осыдан он бір жыл бұрын Ресейдің Қорғаныс министрлігінің орталық архивінен Шиеліге арнайы хат келіпті. Ол хатта екінші дүниежүзілік соғыста әскери дәрігер болған медицина майоры Әділбек Тоқтыбаевтың 1947 жылы «Ерлігі үшін» медалі мен «ІІ дәрежелі Отан соғысы» орденіне ұсынылғаны жазылған. Бірақ бізге белгісіз себептермен бұл наградалар жауынгердің өз қолына табысталмапты. Сол марапат 69 жылдан кейін ұрпақтарына берілді. Бұл да болса майдангер есімінің ұлықталғаны деп білеміз.

ХХ ғасырда ең үлкен қанды қырғын саналатын екінші дүниежүзілік соғыста қазақтардың үлкен ерлікпен көзге түскені күллі әлемге белгілі. Бұл соғыс – қанды соғыс, әлем жұртшылығын зар еңіреткен соғыс. Осы аты өшкір соғыста 600 мың қазақстандық жанын қиды. Қаншама боздақ оралмай, қанша ана қара жамылды, жесір қалды. Баласын жоқтаған ана, азаматын жоқтаған жар етегі жасқа толып жылағанда, қойнауы тыныштыққа толы даланың өзі қоса аңырағандай болатын. Бірақ қандай қиындық көрсе де келешек ұрпақтың болашағы үшін жеңісті жақындатқан жауынгерлердің бірі – Әділбек Тоқтыбаев. Ол кісі Шиелінің тұңғыш қазақ дәрігері, медицина саласының майор шенді офицері.

1914 жылы Жаңақорған ауданындағы Төменарық елді мекенінде дүниеге келген Әділбек Тоқтыбаев1940 жылы 26 жасында сол кездегі астанамыз Алматы қаласындағы Қазақ медициналық институтын бітіріп, еңбек жолын сол қаладағы емдеу мекемелерінде жалғастырады. 

Ел басына күн туғанда елім деген ерлердің сыналатын шағы да болатыны белгілі. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда Алматы қаласының Сталин аудандық әскери комиссариаты арқылы Қызыл Армия қатарына шақырылып, майдан шебіндегі 422-ші атқыштар дивизиясының 106-шы артиллериялық бөліміне кіші дәрігер болып бекітіледі. 1942 жылы Сталинград үшін шайқаста көрсеткен ерлігі мен батылдығы, жаралы жауынгерді сауықтырудағы ерен еңбегі үшін әскери хирург Әділбек Тоқтыбаев «Сталинградты қорғағаны үшін», «Қызыл жұлдыз» орден-медальдарымен марапатталды. Әскери хирургтың жанқиярлық ісі бірнеше газетте жарияланды. Оны бүкіл полк құрмет тұтты. Офицерлерден бастап қатардағы жауынгерлерге дейін одан үлгі алуға, оның жылы сөзін естуге құштарлық танытты. 

Мақалаға арқау болған кейіпкеріміз Әділбек Жетібайұлы 1943 жылғы 20 шілдеде әскери қызметке жарамсыз деп танылып, туған өлкесі Шиеліге оралды. Бұл жерде облыстық денсаулық сақтау бөлімінің бұйрығымен аудандық денсаулық сақтау бөлімінің бастығы және аудандық аурухананың бас дәрігері болып тағайындалды. Осы алапат соғыста бір аяғын берген Әділбек Тоқтыбаев Қызылорда облыстық эксперттік комиссиясының 1944 жылы 3наурыздағы шешімімен ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысының мүгедегі деп танылады. Сол жылы облыстық денсаулық сақтау бөлімінің бастығы Баймахановтың бұйрығымен Қызылорда қаласында рентгенолог мамандығын алып шығады. Сөйтіп Шиелі аудандық ауруханасында басшылық қызметімен бірге хирург, рентгенолог-фтизиатр мамандықтары бойынша жұмыс та істеген. Алайда 1945 жылдың 10қаңтарында Қызыл Армия қатарына қайта шақырылып, Ақмоладағы облыстық әскери комиссариатқа және әскери гарнизонына дәрігер болып тағайындалған. Онда атақты дәрігер Розенбергтің қарамағында қызмет етеді. Ақмола тубдиспансерінде фтизиатр-рентгенолог болады.

1946 жылдың шілде айында әскери қызметінен босағасын қайтадан Шиелі аудандық денсаулық сақтау саласының басшылық жұмысына кіріседі.

Соғыстан кейінгі қиын-қыстау кезеңде білікті мамандардың жетіспеушілігіне байланысты әрі хирург, әрі рентгенолог қызметтерін қоса атқарды. Ойланып қарасақ өзі ІІ топтағы ҰОС мүгедегі, бір аяғы протез, жалғыз аяқпен жүрсе де қан майданда қаншама адамды ажал аузынан арашалап қалған. Өмір мен өлім арасында жатқан қанша жанға көмек берген. туған өлкесіне оралған соң да дәрігерлік қызметте жемісті еңбек атқарған. «Болат қайнауда, ержігіт майданда шынығады» дегендей соғыс кезінде де, соғыстан кейін де бар өмірін өзгелерді емдеуге арнаған. Отты жылдарда жау оғының кесірінен бірі қолынан, бірі аяғынан айырылған, енді бірі оққа ұшып жараланған қаншама жарымжан мүгедек жанды ажалдан арашалап қалған атпал азаматтың өмірі қысқа болды. Аудан тұрғындары аһ ұрып, күрсініп 1948 жылдың 27 қыркүйегінде үрмелі оркестрлі аспаппен сүйікті ұлдарын соңғы сапарға аттандырды. 

Небәрі 35-ақ жыл ғұмыр кешкен Әділбек Тоқтыбаев аққан жұлдыздай жарқ етіп, өмірімен ерте қоштасқан. Майор шенді дәрігердің ерлікке толы ғұмыр жолы талайға үлгі болып қала бермек.

Әзиз БАТЫРБЕКОВ

Тағы да оқыңыз: