Kyzylorda-news.kz.  Кеңес Одағының Батыры Жаппасбай Нұрсейітов – Сырдария ауданының ғана емес, сырбойылықтардың ортақ мақтанышы екені даусыз. Жауынгер ерлігі ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып, дәріптеле беретіні сөзсіз. Бұл ретте, даңқты батырдың 100 жылдығына орай Шіркейлі ауылдық округінде облыстық деңгейдегі жазба ақындар мүшәйрасы өткізілген болатын.

Ең алдымен Қ.Мұхамеджанов атындағы Шіркейлі ауылдық мәдениет үйінің директоры Мақсұт Әбсадықов көпшілікке ауылдың өнері мен мәдениет саласында атқарылған жұмыстармен таныстырды. Шіркейлідегі өнерлі өрендердің сүйіншілеп жеткізетін жетістіктері мол екенін айтып, бірінші тоқсанды жақсы қорытындылағанына тоқталды. Мұнан соң Ұлы Жеңістің 78 жылдығы мерекесі мен Кеңес Одағының Батыры Жаппасбай Нұсейітовтің 100 жылдығына арналған іс-шарасы бастау алды.

Іс-шара шымылдығы театрландырылған қойылыммен ашылды. Қойылымда жас Жаппасбайдың жауапкершілік жүгін арқалап, майдан даласына аттануы мен соғыс жылдарындағы шайқастарда көрсеткен ерлігі дәріптелді. Ауыл өнерпаздары тұла бойды шымырлатып, көңілге мұң сыйлайтын сонау зұлмат жылдарындағы қиындықты өздерінің кәсіби шеберліктерінің арқасында көрерменге сезіндіре білді. Мұнан соң оқушылар рухты өлеңдер оқып, ән шырқалды. Ауыл әкімі Т.Құламқадіров жиналғандарды Жеңіс мерекесімен құттықтап, облыстық мүшәйраға қатысушыларға сәттілік тіледі.

«9 мамыр – Батыр бабаларымыздың өшпес ерлігі тарихта мәңгілік қалған күн. Біз Отан үшін от кешкен, ерлердің өр рухына, мәңгілік тағзым етіп, ардагерлер алдында бас иеміз. Ұлы дала батырларының қайсар рухын халық болып ұлықтау – біздің перзенттік парызымыз. Қазіргі уақытта Шіркейлі ауылында майдангер аталарымыз бен әкелерімізден ешкім қалған жоқ. Бірақ олардың жауынгерлік жолдары, ерлік рухы кейінгі ұрпақтарын, бүгінгі жас Отан қорғаушыларды әрқашан асқақ арман-мұраттар мен ерлікке бастап келеді. Азаттықтың ақ таңын атырған жауынгерлердің рухы мен бауырлас халықтар достығының алып күші уақыт өткен сайын шоқтығы биіктеп, қадір-қасиеті артып, тағылым-тәрбиесі мен мән-мағынасы тереңдей түсуде. Осы орайда біз Кеңес Одағының Батыры Жаппасбай Нұсейітовтің ерлігін мақтан етеміз. Биыл даңқты батырдың 100 жылдығы аталып өтілуде. Осыған орай аудандық мәдениет және спорт бөлімімен бірлесіп, облыстық деңгейдегі мүшәйра өткізуді жоспарлаған болатынбыз. Біздің шақыруымызды қабыл алған меймандарға және ақындарға айтар алғысым шексіз, шығармашылық сәттілік тілеймін», – деді ауыл әкімі.

Мүшәйраға Қызылорда қаласы мен аудандардан 8 ақын қатысты. Олар өз өлеңдерінде Ж.Нұрсейітовтің ерлігін жыр тілінде суреттеп, сахна төрінен оқыды. Ақындардың талабы мен талантын ақын, №137 орта мектебінің директоры, қазылар алқасының төрағасы Бағдат Есназар бастаған қазылар алқасының мүшелері Нұрмұхаммед Әбілқасымов пен Ақтөре Ибрагимұлы бағалады. Қатысушылар екі өлең оқыса, оның біріншісі Ж.Нұрсейітовке арнау, екіншісі еркін тақырыпта болды.

Мүшәйра қорытындысында бас жүлдені қызылордалық жас ақын Бексұлтан Санақұл жеңіп алды. Жүлделі І орынды сырдариялық Бақтөре Айтбаев еншілесе, ІІ орынмен шіркейлілік Биболат Опабеков марапатталды. Ал ІІІ орынды шиелілік Бекжан Ержігіт иеленді. Жеңімпаздарға қаржылай сыйлық пен Алғыс хат берілді.

Іс-шара қорытындысында Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің екі рет депутаты болған Сырдария ауданының Құрметті азаматы Бексұлу Синаева мен ауыл ақсақалы Шанжархан Айдарханов сөз сөйлеп, жастарға ақ батасын берді. Жаппасбай батырға жауһар жырларымен ескерткіш қойған жас жазба ақындар осылайша Шіркейлі ауылынан шабытпен, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.

 

 

Тағы да оқыңыз: