Kyzylorda-news.kz Сол бір сұм соғыс жылдарындағы отты күндер адамзат санасынан еш өшпек емес, себебі оның құндылығы ғасырлар бойы жаңа бас буын ұрпаққа өсиет. Жеңісті жақындатқан жауынгер аталарымызға қандай құрмет көрсетсекте лайықты. Айбынды білектерімен Отан үшін бар күштерін сарқыған кешегі жігіттер бүгінгі, өнегелі аталарымызды ардақтау-абыройлы міндет. Міне, кешегі бейбіт аспанды кейінгі ұрпақ үшін киелі болсын деп қан-майданға аттанған жауынгердің бірі, менің әкем – Сейітхан Байдүйсенов.

1925 жылы 16 қаңтарда Бірлік колхозы, Ақүйік өзені бойында дүниеге келген әкем Сейтхан кешегі Отан үшін от кешкен екінші дүниежүзілік соғыста Украйна майданында №271 атқыштар дивизиясында полк барлаушысы болып, жаудан Киев, Харьков, Житомир, Винница қалаларын азат етіп, «Қызыл жұлдыз» орденімен, екі рет «Ерлігі үшін» медалімен, және Жеңістің мерейтойлық мерекелік медалдарымен марапатталған соғыс ардагері ретінде кейінгі жас ұрпаққа өнеге боп, тарихта мәңгі қалмақ.

Әкемнің майдан жолындағы әскери ғұмырнамасы 2010 жылы Алматыда жарық көрген «Ерлікті сүйген ел нұрлы» атты эпопеялық жылнамалар, тарихи шежірелер жазылған қаһармандық кітаптың қасиетті парақтарына жазылды.

2005 жылы Астанада өткен «Ұлы Жеңістің 60 жылдық» әскери парадына қатысты. Елбасының қабылдауында болып, шексіз құрметке бөленді. Тәуелсіздік алғаннан кейін «Астана қаласына-10 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. Ұлы Жеңістің 60 жылдығында Украйна президенті Л.Кучманың «60 РОКІВ визволення Украйни ВІД фашистських загарбників» атты мерекелік медалімен марапатталды.

Тау тұлғадай болған әкемнің дара жолы тарихи сәттермен байланысты. Елдегі қиыншылықтарға қарамастан 1933 жылы Бірлік колхозында ең алғаш ашылған мектептің тұңғыш оқыған 14 баланың бірі ретінде сауатын ашқан алғашқы шәкірт ретінде С. Қожанов атындағы №55 «Бірлік» орта мектебінің тарихына жазылды.

Соғыс бітіп, ел еңсесін тіктеп, бейбіт өмірге көшкен кезде әкем халық ағарту салаларында 1971 жылға дейін қызмет етті. Интернат тәрбиешісінен бастап, оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директоры, аудандық оқу бөлімінде мектеп инспекторы болды. 1971 жылдың маусым айынан бастап 1985 жылдың 19 қаңтарына дейін Ақүйік ауылдық советі атқару комитетінің төрағасы болып кызмет етті. Осы қызметпен облыс көлеміндегі дербес зейнеткер қатарына шықты.

Әкемнің Кеңес заманындағы еңбегі бір бөлек те, тәуелсіздік алғаннан кейінгі жеке қожалық құрған еңбегі бір бөлек. Ауылдық кеңесті 15 жыл басқарған адам тәуелсіздіктің алғашқы қиын жылдарында «бұл не болды деп» салысы суға кетпей, бірден қожалық құрып, елге үлгі көрсетті.

1995 жылы аудан әкімінің рұқсатымен Ақүйік өзені бойынан 3 га жер алып, шаруа қожалығын ашып, шағын 12 квт электр жарығын беретін су күшімен су диірменін іске қосты. Тоқырау жылдары ауыл тұрғындарын ұнмен қамтамасыз етіп, көмегін көрсетті. Тоқсан бес жылдық ғұмыры артында қалған ұрпағына үлгі, кейінгі жас толқын-жастарға өнеге болары сөзсіз. Адам өмірінің соңғы сәттері ұлы күреспен өтетініне көзім жетті. Адам баласы жарық дүниеге тойған ба? Алматы қаласына 1000 жыл толғанда 100-ге толып, дүниеден көшкен қазақтың Хабиба Елебекова деген кейуана актрисасы өмірінің соңғы сәтінде Мәдидің «Қарқаралы» әнін айтып өмірден өтіпті. Бұл енді – нағыз өнер адамына тән ұлылықтың үлгісі болса керек!

Ал, менің Отан үшін от кешкен от жүректі әкем соңғы демі біткенше намазынан жаңылмай, Жаратушы бір Аллаға мадақ айтып өтті. Бұл – жарық дүниеге деген іңкәрліктің үлгісін көрсеткен, еш уақытта ұмытылмайтын, қайталанбайтын қимас сәттер жүрегімізде мәңгі сақталатын шамшырақтай боп қала берді. Әкем қолына таяқ ұстамай, бойын тік ұстап, намазын қаза қылмай, құдайға құлшылықты мешітте өткізді. Өзінің әдеп жолымен, ізетімен әдемі қартая білудің үлгісін көрсеткен, көркемдіктің, рухани тазалықтың символы болған адам.

Әкем Сейтхан Байдүйсенұлы – өмірде тек тазалықты, әділдікті ту етті. Табиғатты аялап, отырған жерін бауға айналдырды. Еліне, халқына қызмет жасады. Соғыстан аман оралып, бау-шарбағын түзеп, ұрпақ өсірді. Қандай қиыншылық болса да алдыңғы шептен көріне білді.

Ия, осындай батыр аталарымыздың өмір жолы өскелең ұрпақты ұлтжандылыққа, Отанды сүюге тәрбиелеуге өнеге болары сөзсіз. Жеңіс жолын жақындатқан жауынгер аталарымыздың есімі ұрпақ жадында мәңгілікке сақталады.
53824744-225c-4160-b190-64141ce44809.jpg

Тағы да оқыңыз: