Kyzylorda-news.kz. Қазалы ауданында Майдакөл мен Ү.Түктібаев арасындағы автомобиль жолдары жөнделіп жатыр.

Бүгінгі таңда аудандық маңызы бар «Бекарыстан би – Майдакөл – Ү.Түктібаев» ауылдарының арасындағы автомобиль жолдары жөнделіп жатыр. Қазіргі таңда мердігер мекеме автомобиль жолының көне асфальт қабатын бұзып, негізгі қабаты күшейтуде. Сондай-ақ, жолдың кейбір бөліктеріне қиыршық тастар да төселген. Бұл жөнінде аудан әкімі Мұхтар Оразбаев түстен кейін Майдакөл және Ү.Түктібаев ауылының тұрғындарымен кездесуде айтып берді.

Аудан басшысы жақын күндері Кеңес Одағының батыры Үрмәш Түктібаев атындағы ауылда ангар типті спорт кешенінің құрылысы басталатынын қуанышпен жеткізді. Бүгінгі күні мемлекеттік сатып алу конкурсының жеңімпазы «СМП Қызылорда» ЖШС-мен келісім-шарт жасалды.

Мұхтар Әуесұлы мұнан бөлек аудан көлемінде атқарылып жатқан ауқымды істерге де тоқталып, жыл аяғына дейін бірнеше нысан пайдалануға берілетінін жеткізді.

Кездесуде аудан әкімі Мұхтар Оразбаев ІІ тоқсанның қорытындысымен өткен басқосуда көтерілген сұрақтарға ерекше тоқталып, оларды шешуге байланысты атқарылып жатқан жұмыстармен де таныстырды.

Майдакөл мен Ү.Түктібаев ауылдық клубтарында өткен кездесуде аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Талайлы Бөріқұлақов ауданда атқарылып жатқан жұмыстар ауқымды екенін тілге тиек етіп, елді ауызбіршілікке шақырды.

Кезек ұсыныс-пікірлерге берілгенде қос елді мекеннің тұрғындары да алдымен ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға алғыстарын айтып, ризашылықтарын білдірді. Мұнан кейін өздерінің өтініш-тілектерін жеткізіп, сұрақтарын қойды.

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев халықтың тарапынан айтылған ұсыныстардың әрбіріне жеке-жеке тоқталып, сұрақтарына жауап берді. Кейбір мәселелерге байланысты тиісті бөлім басшыларына терең зерттеуге тапсырма берді.

Кездесуге аудандық мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқап, облыстық мәслихат депутаты Мнажадин Өтеев, Ібайдулла Тілеп, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Талайлы Бөріқұлақов аудандық мәслихат депутаты Ғазиз Әліш, аудандық полиция бөлімінің бастығы Болат Кабизов және бірқатар дербес бөлім мен мекеме-кәсіпорын басшылары қатысты.

Тұрғындармен кездесулен кейін аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Майдакөл мен Ү.Түктібаев ауылдарындағы №98, №88 мектептерге арнайы барып, білім ордаларының жаңа оқу жылына дайындығымен танысты.

Тағы да оқыңыз: