Kyzylorda-news.kz. Отбасы тәрбиесінің негізгі мақсаты – дені сау, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, парасатты, ар-ожданы мол, еңбекқор, білімді азаматты тәрбиелеу. Бала да жас терек сияқты, жастан қандай тәрбие берсең, ертең есейгенде жас кезіндегі алған тәрбиесі өміріне негіз болмақ. Бұл ретте ата-ана бала қауіпсіздігін сақтауды ең бірінші орынға қою керек.
Кезекті оқу жылы аяқталып, балалар көптен күткен жазғы демалыстарына шығады. Енді олар үш ай бойы демалып, уақыттарын қызықты өткізбек.
Осы орайда ата-аналар сақтық шараларын күшейтіп, бала тәрбиесіне ерекше назар аударуы қажет.
Балалардың жеке басының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында учаскелік полиция инспекторларымен бірлесе ювеналды полиция қызметкері кезекшілікке бөлініп, қызмет атқарады. Жасөспірімдердің көптеп шоғырланатын, қалалық демалыс паркінде олардың кешкі серуендеуі кезінде қауіпсіздіктерін қамтамасыз ету мақсатында арнайы қызметкерлер бөлініп, ата-аналар мен оқушыларға түсіндірме жұмыстарын жүргізілмек.
«Балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету – әрбір ата-ана үшін маңызды міндет. Ата – аналар тарапынан балалардың уақтылы қауіпсіздік ережелерімен таныстырып, бұл қағидаларды ұстануын қадағалау да маңызды. Әрбір ата – ана баласын жазғы демалыс кезіндегі қауіпсіздік ережелерімен таныстыра отырып, білімдерін кеңейтіп, қауіпті жағдайлардан сақтана білуге үйрету, алғашқы көмек көрсету шараларымен таныстыру қажет. «Сақтансаң – сақтайды» деген қағиданы ұстанып, қараусыз бала болмауы тиіс», - дейді полиция генерал-майоры Махсудхан Аблазимов.