Kyzylorda-news.kz  Белгілі журналист Нұрсейіт Жылқышыбай Магнум жұмыстан шығарып жіберген курьерді іздеп жүр, деп хабарлайды kaztoday.kz.

Жұрттың баласы арнасы жазғандай, азық-түлік жеткізген үй иесінен қазақша сөйлеуді талап еткен курьердің жұмыстан қуылуы қазақтілді қауымның ашу-ызасын туғызып, мұны соңы Магнумға байкот жариялауға ұласқан еді.

«Бұл жігітті іздестіріп жатырмын. Өз компанияма жұмысқа аламын. Қазақстанда қазақ тілінде сөйлейтін адам жұмыссыз қалмауы керек», – дейді Жылқышыбай.

Журналист Магнумға бармау, өнімін сатып алмау акциясын қолдап отыр. Айтуынша, қазақ тілі тек қазақтың ғана тілі емес, ол статусы бар мемлекеттік тіл. Бұл бастаманы қарапайым халық қана емес, билік те қолдауы керек.

«Мемлекеттік тілде сөйлегені үшін жұмыстан қуылатын болса қылмыс. Осындай кезде тілім-тілім деп жүретін депутаттар қайда? Мағнұм басшылығы қоғам алдында бұл сорақылығы үшін жауап беруі тиіс», – дейді Нұрсейіт Жылқышыбай.

Соңғы күндері осынау дүкенге бас сұғатын қауымның қарасы күрт азайған. Фейсбуктен басталған байкотты Инстаграм мен Тик-токтағы қауым іліп әкеткен жайы бар.

Қазақтілді қауымның күші мен қуатын сезінген Магнум иелері түнеукүні жағдайға байланысты мәлімдеме жасағанмен, курьерді қайта жұмыс алған жоқ, қателіктерін мойындағысы келмеді.

Бізге белгілі болғандай, байкотқа бастамашы болған азаматтар алдағы күндері арнайы қауымдастық құрып, Магнумға қарсы акцияны күшейтеді.

Фото: kaztoday.kz

Тағы да оқыңыз: