Kyzylorda-news.kz Сыр өңіріне жұмыс сапарымын келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Мархабат Жайымбетов, Мұрат Әбенов, Мұрат Ергешбаев Қызылорда қаласында жаңадан бой көтеріп жатқан нысандары аралады.
Атап айтсақ, сол жағалауында жаңадан бой көтерген 11 мың орындық жаңа заманауи үлгідегі стадионның және облыстық тарихи-өлкетану мұражайының құрылысымен танысты.
Өңір халқының сұранысына сай салынған жаңа спорт нысаны тек футбол алаңымен шектелмейді. Мұнда бокс, күрес, спорттық гимнастика, ауыр атлетика, таеквондо және фитнеске арналған арнайы залдар қарастырылған. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Заманауи талаптарға сай салынып жатқан нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.
Ал, қасиетті Сыр өңірінің баға жетпес тарихи-мәдени мұрасын сақтау және кеңінен насихаттау мақсатындағы жаңа музей сандық және мультимедиялық технологиялармен жабдықталған. Музейдің 85 жылдық тарихында алғаш рет типтік ғимарат қор сақтау қоймаларымен жабдықталуда.
Қазіргі уақытта музей қорында 67 613 экспонат сақталған. Музейдің жаңа экспозицияларында аймақтың флорасы мен фаунасы, палеонтология, археология және этнография, Қызылорда облысының экономикалық және әлеуметтік-мәдени дамуы көрсетіледі.
11 залдан тұратын мұражайдың тақырыптық құрылымы, жабдықтары мен безендірілуі жасанды интеллект элементтерін қолдана отырып, 3D модельде жасалуда.
Фото: Аманат партиясы