Kyzylorda-news.kz Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен автомобиль жолдары саласын дамыту мәселелері бойынша мәжіліс өтті. Жиынға аудан әкімі Алмасбек Есмаханов селекторлық режим арқылы қатысты.
Аймақ басшысының тапсырмаларына сәйкес мәжілістен кейін аудан әкімінің төрағалығымен арнайы жиын өтті. Жиында аудан аумағындағы автомобиль жолдарының сапасын жақсарту, жол-көлік инфрақұрылымын дамыту, құрылыс және жөндеу жұмыстарының сапасын бақылау мәселелері кеңінен талқыланды.
– Президентіміз еліміздегі автомобиль жолдарының сапасына, көлік-логистика инфрақұрылымын дамытуға және елді мекендердің қауіпсіз әрі қолайлы болуына ерекше назар аударып келеді. Бүгінде аудандық маңыздағы автомобиль жолдарының жақсы жағдайдағы үлесі 91 пайызды құрайды. Алдағы уақытта Қожабақы-Аранды және «Қарлан» учаскесінен Бірлік ауылына дейінгі аралықтағы аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеу жоспарда бар. «Автомобиль жолдарының сапасы – ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер ететін маңызды көрсеткіштердің бірі. Сондықтан жол саласындағы жұмыстарды тек жоспарлап қана қоймай, олардың сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз етуіміз керек. Әсіресе, жөндеуді қажет ететін жол учаскелерін дер кезінде анықтап, дайын жобаларды қаржыландыруға басымдық беру қажет. Мердігер мекемелердің міндеттемелерді орындауы мен құрылыс сапасы қатаң бақылауда болуы тиіс», – деді аудан әкімі.
2026 жылы аудан бойынша жол инфрақұрылымын дамытуға жалпы құны 856,9 млн теңгені құрайтын 3 жобаға қаржы бөлінді. Атап айтқанда, Ағайынды Талқанбаевтар көшесін қайта жаңғыртуға 114,9 млн теңге, Жанқожа батыр көшесінің айналма жолын қайта жаңғыртуға 378,7 млн теңге және «Қазалы – Қожабақы – Бозкөл – Кәукей» автомобиль жолының 32,1-шақырымындағы темірбетон көпірді күрделі жөндеуге 363,3 млн теңге қаралған. Бүгінде аталған нысандардағы жұмыстардың орындалуы 95 пайызды құрайды. Бұдан бөлек 2027 жылға жолдар мен көпір инфрақұрылымын дамыту бағытында жалпы құны 5,8 млрд теңгені құрайтын 24 жоба ұсынылған.
Жиын қорытындысымен аудан әкімі жауапты сала басшыларына аудандық маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің жай-күйіне толық зерделеу жүргізуді, жөндеуді қажет ететін учаскелерді анықтауды, жол белгілерінің талапқа сай орнатылуын және жол жиектерінің тазалығын қамтамасыз етуді тапсырды.
Сондай-ақ әзірленген жобаларды қаржыландыру мәселесін тиісті облыстық басқармалармен бірлесіп пысықтау, құрылыс-жөндеу жұмыстарының сапасын, техникалық және авторлық қадағалауды күшейту жөнінде нақты міндеттер жүктеді.
