Kyzylorda-news.kz Қазалы ауданы әкімінің орынбасары Дәурен Тлеумбетовтің төрағалығымен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне байланысты мәжіліс өтті.

Басқосуда аудан бойынша міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылмаған тұлғалар санының төмендемеуі сөз болды. Бұл жөнінде аудандық көпбейінді орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Раушан Қалуова хабарлама жасап, аудан тұрғындарын сақтандыру жүйесіне тарту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Жыл басында Қазалы ауданы бойынша сақтандырылмаған тұрғындардың саны 12 810 адамды құраса қазан айындағы мәліметке сәйкес 13 275 адамға жетіп, жыл басынан бері 465 адамға артқан.

Бұған байланысты Дәурен Оңғарбайұлы сақтандыру жүйесіндегі төлемдер мен жарналардың уақытылы төленбеу салдарынан сақтандырылмаған азаматтар саны төмендемей отырғанын айтып, бұл өз кезегінде медицина мекемелерінде қызмет сапасының төмендеуіне алып келетінін жеткізді.

Сонымен қатар тиісті бөлімдер мен мекеме-кәсіпорындарға және ауыл әкімдеріне аудан бойынша міндетті медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылғандар тұрғындардың нақты тізімін жасап, тұрғындарды сақтандыру жүйесіне тарту бойынша жұмыстарды күшейту жөнінде тапсырма берді. Дәурен Оңғарбайұлы ауыл әкімдері мен тиісті сала басшыларына мәжілісте берілген тапсырмалардың барлығын 10 күн мерзім ішінде шұғыл орындап, нәтиже шығаруды қатаң ескертті.

Тағы да оқыңыз: