Kyzylorda-news.kz Жалағаш ауданының әкімі Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен мәжіліс өтті. Мәжілістің күн тәртібінде теміржол саласы мен инфрақұрылымды дамыту, макроэкономикалық көрсеткіштердің орындалуы және өзге де қосымша мәселелер қаралды.
Жалағаш ауданы аумағы арқылы 47 шақырым теміржол желісі өтеді. Теміржол бойында 2 станция мен 1 разъезд орналасқан. Жалағаш станциясы арқылы тәулігіне 5 жұп, яғни 10 пойыз қатынайды.
Қазіргі таңда Жалағаш теміржол вокзалының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күні құрылыс жұмыстары аяқталу сатысына жетті.
Сонымен қатар, мәжілісте Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу, зиянкестерге қарсы залалсыздандыру жұмыстарын жалғастыру мәселелері талқыланып, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді.
"Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейту қажет. Елді мекендерде залалсыздандыру шараларын сапалы әрі мерзімінде жүргізіп, олардың нәтижелілігіне тұрақты мониторинг жасауды тапсырамын. Бұл мәселе тұрақты бақылауда болуы тиіс", – деді аудан әкімі А.Ибраимов.
2026 жылдың алғашқы 5 айының қорытындысы бойынша ауданның макроэкономикалық көрсеткіштерінде оң өсім қалыптасты.
Атап айтсақ, өнеркәсіп өнімінің көлемі 114 пайызға орындалып, 16 167 млн теңгені құрады. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде 3 810 млн теңгенің өнімі өндіріліп, көрсеткіш 104,8 пайызға жетті. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 8 544 млн теңгені құрап, 107,6 пайызға орындалды.
Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 2 717,2 млн теңге болып, 101,3 пайызды құрады. Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 7 812 шаршы метрге жетіп, жоспар 101,1 пайызға орындалды. Бөлшек сауда көлемі 1 363,7 млн теңгені құрап, 100,1 пайыз болды. Құрылыс жұмыстарының көлемі 4 624 млн теңгеге жетіп, 114,3 пайызға орындалды.
Мәжіліс қорытындысымен жауапты сала басшылары мен кент және ауылдық округ әкімдеріне күн тәртібінде қаралған мәселелердің сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

