Kyzylorda-news.kz Жалағаш ауданының әкімі Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен мәжіліс өтті. Мәжілістің күн тәртібінде жаңа оқу жылына дайындық барысы қаралды.
Жалағаш ауданы бойынша білім бөлімінің басшысы Талғат Садықов жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары туралы баяндады.
Аудан әкімі сала басшысына дайындық жұмыстарын сапалы әрі жүйелі жүргізу бойынша нақты міндеттер жүктеді.
«Бүгін Үкімет отырысында жаңа оқу жылына дайындық барысы қаралып, одан кейінгі мәжілісте аймақ басшысы тарапынан атқарылуы тиіс нақты тапсырмалар берілді. Жаңа оқу жылына қажетті барлық шараларды уақытылы қабылдап, дайындық жұмыстарын жүйелі жүргізуіміз қажет. Оқушыларды оқулықтармен және оқу-әдістемелік құралдармен толық қамту жұмыстары сапалы ұйымдастырылуы тиіс. Балаларымыздың мектепке дайындығына қатысты мәселе болмауы керек. Жыл сайын ұйымдастырылатын «Мектепке жол» акциясы аясында тиісті көмекке мұқтаж көпбалалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балалары назардан тыс қалмауын қадағалаңыздар. Сонымен қатар, жаңа оқу жылы қарсаңында оқу құралдарын төмен бағада ұсынатын жәрмеңкелер ұйымдастыру мәселесін қарастыру керек», – деді аудан әкімі А.Ибраимов.
Айта кетейік, аудан бойынша 20 мектеп, 36 мектепке дейінгі ұйым, 3 қосымша және 2 арнаулы білім беру ұйымы жұмыс істейді. Биыл 251 бала балабақшаны аяқтап, мектепке барады.
Жаңа оқу жылында 20 мектепте 6843 оқушы білім алады. 1-сыныпқа қабылдау жұмыстары 1 сәуір мен 15 тамыз аралығында eGov.kz электронды үкімет порталы арқылы жүргізіліп, бүгінгі күнге дейін 628 бала мектепке қабылданды.
Мектептердің материалдық инфрақұрылымын жақсарту мақсатында 2026 жылы ағымдағы жөндеу жұмыстарына 145,4 млн теңге қаралып, тиісті жұмыстар жүргізілді.
Қауіпсіздік шаралары бойынша аудандағы 20 мектеп пен 9 балабақша 100 пайыз бейнебақылау жүйесімен және дабыл түймелерімен қамтылған.
Жаңа оқу жылы қарсаңында әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасы балаларына «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында демеушілер тарту жұмыстары жүргізіледі.
