Kyzylorda-news.kz Шиелі ауданының әкімдігінде аудан әкімі Айтбай Жандарбековтың төрағалығымен мәжіліс отырысы өтті.
Мәжіліске аудандық мәслихат төрағасы, аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері қатысты.
Алдымен аудан әкімі ауданда орын алған кадрлық өзгерістерге тоқталып өтті. Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің «Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынның Қызылорда филиалы директорының 2026 жылғы 26 қыркүйектегі №370-ж/қ бұйрығымен «Шиелісушар» өндірістік учаскесінің басшысы лауазымына тағайындалған Рсымбетов Марат Сәдуақасұлын таныстырды.

Күн тәртібінде бүгін Үкімет отырысында ««Егін жинау науқаны барысы туралы» мәселесі қаралды.
«Егін жинау - ауыл шаруашылығы саласындағы ең жауапты кезеңдердің бірі. Сондықтан науқанды ұйымдасқан түрде өткізіп, белгіленген мерзімде аяқтау басты міндетіміз. Ауданда биыл ауыл шаруашылығы дақылдары бойынша 32 499 гектар жерге егіс орналастырылды. Қазіргі таңда егін жинау жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Қолдағы бар мәліметтерге сәйкес, бүгінгі таңда 8 268 гектар (71,3 %) күріш орылып, 7 152 гектары (86,5 %) бастырылған. Орташа өнім көлемі гектарына 49,2 центнерді құрап отыр» – деді аудан әкімі.
Күн тәртібінен тыс қосымша «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында кент орталығында атқарылып жатқан абаттандыру және санитарлық тазалық жұмыстарының орындалу барысы қаралып, жауапты сала басшыларына тиісті тапсырмалар берілді.

