Kyzylorda-news.kz Облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте цифрлық активтер саласын дамыту мәселесі қаралды. Мәжіліске аудан әкімі Алмасбек Есмаханов селекторлық режим арқылы қатысты.

Жиыннан кейін аудан әкімі аппарат мәжілісін өткізіп, күн тәртібіндегі және өзге де мәселелер бойынша жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

Мәжілісте алдымен аудан аумағында сәулет-қала құрылысын қадағалау мәселесіне назар аударылды. Елді мекендердің сәулеттік келбетін сақтау, құрылыс нысандарының заң талаптарына сәйкестігі, жер учаскелерінің нысаналы мақсаты, көше қызыл сызығының сақталуы, артық қоршаулар, сыртқы жарнама және абаттандыру қағидаларының орындалуы бойынша жұмыстарды күшейту тапсырылды. Сондай-ақ Әйтеке би кентінің бас жоспарын әзірлеу, 10 елді мекеттің даму сызбаларына түзетулер енгізу, кәсіпкерлік нысандарды қайта бағалау, сыртқы жарнамаларды түгендеу және нысандардың нысаналы пайдаланылуына мониторинг жүргізу мәселелері қаралды.

Жеке тұрғын үй құрылысы бойынша биыл жыл соңына дейін 336 үйді пайдалануға беру жоспарланған. 8 айда 153 үй қабылданған. Аудан әкімі қалған көрсеткішті толық орындау бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды.

Мәжілістің күн тәртібінде егін жинау науқанына дайындық мәселесі де талқыланды. Аудан басшысы егінді ысырапсыз жинап, уақытылы сақтауды қамтамасыз етуді, егістікке төрт түлік малдың түсуіне жол бермеуді, пада ұйымдастыруды және тұрғындар мен шаруа қожалықтары арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Малдың егістікке түсу фактілері бойынша заң талаптарына сәйкес шара қабылдау қажеттігін ескертті.

Жиында «Алтын күз – 2026» шарасы аясында Астана және Қызылорда қалаларында өтетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелеріне дайындық барысы да қаралды. Жәрмеңкеде Қазалының сапалы өнімдері мен ауданның әлеуетін жоғары деңгейде таныстыру, өнімдердің сапасы мен санитарлық талаптарға сәйкестігін, қажетті сертификаттар мен ветеринариялық анықтамалардың болуын қамтамасыз ету бойынша жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берілді. Сауда орындарын талапқа сай безендіру, сатушыларды бірыңғай киіммен қамту, мәдени-көркем бағдарлама ұйымдастыру, сондай-ақ жол қауіпсіздігі мен электр энергиясының үздіксіз берілуін қамтамасыз ету мәселелері бойынша жауаптыларға нақты міндеттер жүктелді.

Мәжілістің соңында санитарлық тазалық және абаттандыру мәселесі қаралды. Аудан басшысы елді мекендердің санитарлық тазалығы бойынша кемшіліктерді 3 күн ішінде толық жоюды тапсырды.

Жиында қаралған барлық мәселелер бойынша жауапты басшыларға нақты міндеттер жүктеліп, тапсырмалардың орындалуы қатаң бақылауға алынды.

Тағы да оқыңыз: