Kyzylorda-news.kz. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Б.Смағұл мен Ғ.Әмреев Сырдария ауданында болып, аудан әкімдігінде облыстық және аудандық мәслихат депутаттарымен, жергілікті кәсіпкерлермен кездесті.
Халық қалаулысы Б.Смағұл өңірлерді аралап, тұрғындармен кездесіп, ұсыныс-пікір жинақтап жүргендерін айтты. Парламент қабырғасында талқыланған және қабылданған заң жобалары жөнінде қысқаша ақпарат берді. Өз кезегінде Мәжіліс депутаты Ғ.Әмреев кәсіпкерлік саласын дамыту, баға өсімінің алдын алу мен болдырмау бағытында пікір білдірді. Депутат азық-түлік өнімдерін сақтау қоймаларының жұмысын ретке келтіру, кәсіпкерлерге берілетін несиелерді жеңілдету, кәсібін жаңадан бастағандар үшін әкімшілік кедергілерді болдырмау жөнінде нақты мысалдар келтірді. Сондай-ақ жиналысқа қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Жиналысқа қатысушылар ауданның ерекшелігіне сәйкес депутаттар назарына бірқатар ұсыныстар енгізді. Мысалы аудандық мәслихат депутаттары және кәсіпкерлері халық көп тұтынатын заттардың бағасы соңғы екі айда күрт қымбаттағанын, несие ұйымдарының талаптарын, ауданның Айдарлы, Аманкелді, Жетікөл ауылдарында дәрігер жоқ екенін, кәсіпкерлікті дамыту мәселелері мен жем-шөпке берілетін субсидия мерзімі жайлы өз ұсыныстарын айтты. Айтылған пікірлер мен сұрақтарға депутаттар толыққанды жауап берді.
Осылайша, Халық қалаулылары қатысушылар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлерді жинақтап, Мәжіліс қабырғасында көтеретіндерін жеткізді.
Кездесуден кейін Мәжіліс депутаттары әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандарды аралады. Ең алдымен «Углесбыт» ЖШС-нің күріш ақтау зауытының жұмысымен танысты. Сондай-ақ тойхана ғимаратын қазіргі уақыттың талабына сәйкес «Бақнұр» бөбек балабақшасы ретінде қайта бағытталып, толық жабдықталған нысанға барды. Халық қалаулылары сапар барысында Тереңөзек кентінен салынып жатқан 10 отбасыға арналған 10 тұрғын үй құрылысымен танысып, құрылысшылармен пікірлесті. Депутаттар сонымен бірге «Аңсар» дәріханасын аралап, дәрілердің бағасын бағамдады.
Әр нысанда тұрғындармен еркін форматта пікірлесіп, сұрақтарына жауап берді.