Kyzylorda-news.kz. Ауылды ажарландырудың амалын қарастырған осы жылдар аралығында мемлекет қол қусырып отқан жоқ. Біраз бағдарлама жасалып, жаңа нысан бой көтеріп, көгілдір отын кіргізіліп, халық игілігі үшін жұмыстар атқарылуда. Мәселен бүгінде Шиелі ауданына қарасты 7 тірек, 22 ауылдық округ бар. Бұлар болашағы бұлыңғыр емес, керісінше келешегі жарқын ауыл-аймақтар. Яғни түндігінен түтіні түзу шыққан ауыл ретінде көрер жарығы һәм көркейер үміті бар алда. Мұны өткен аптада Сенат және Мәжіліс депутаттарының ауданға жасаған іс-сапарынан аңғардық.
Шиелі кентіне ат басын бұрған ҚР Парламенті Сенатының депутаты Руслан Рүстемов, Мәжілістегі "AMANAT" партиясының фракция мүшелері Мархабат Жайымбетов және Мұрат Ергешбаев сапарды Ә.Тәжібаев ауылынан бастады. Толағай ақын, толастамас жыр иесінің атындағы ауылдың жалпы жағдайы бір қарағанда жаман емес. Қазіргі таңда ауылдық округ бойынша 9 әлеуметтік сала мекемелері халыққа қызмет көрсетеді. Ауыл жастары да белсенді әрі білімді екенін талай байқауда топ жарып жүргенінен байқаймыз. Алайда, мұның барлығы Ә.Тәжібаев ауылында тұрғындарды алаңдатқан мәселе жоқ екенін білдірмейді. Сол себепті де депутаттар тұрғындармен тілдесіп, мәселенің мән-жайын анықтады.
Халықпен кездесуді "AMANAT" партиясының фракция мүшесі Мархабат Жайымбетов кейбір заңнамалық актілерге енгізілген өзгертулер және толықтыруларды таныстырудан бастады. Оның ішінде "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасын да тілге тиек етті. Айта кетейік, ел көңілінен шыққан тың бағдарлама туралы Президент "Әділетті қоғам. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам" атты халыққа Жолдауында айтқан болатын. Жаңа бағдарламаның негізгі мақсаты – балалардың болашағын баспана және біліммен қамтамасыз ету. Яғни Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударылып отырады. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып, кәмелет жасқа толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалады. Бұл қаражат өскелең ұрпақтың үлкен өмірге қадам басуына мүмкіндік берері сөзсіз. Жоба алдағы уақытта әлі де зерттеліп, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге аспақ. Қор, шын мәнінде ұлттық мәртебеге ие болып, халқымыздың игілігіне қызмет етеді деген сенімдеміз.
Бұдан бөлек халықты елең еткізген жаңалықтың бірі – блогерлерге арналып заң қабылдануы. Иә, қазіргі таңда миллион қаралымы бар блогерлер жарнама жасау арқылы табыс тауып қана қоймай, жалған ақпарат беріп те жатады. Алдағы уақытта осындай олқылықтар орын алмас үшін әлеуметтік желіде жарнама орналастыратын азаматтар салық төлеуге міндеттеледі. Депутаттар бұл қадам әлеуметтік желілерде қаржылық пирамидалар мен жалған қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, халықтан ақша жинап жатқандардың көбейгеніне байланысты жасалып отқанын айтты. Сонымен қатар парақшасына жарнама шығарған блогерлер оның жарнама немес пиар материал екенін, оған ақы төленгенін көрсету керек. Яғни контентке арнайы белгі қойылады. Депутаттардың сөзінше, бұл – әділеттілік мәселесі және тұлғалардың құқығын қорғау. Блогер қазіргі таңда халықпен етене араласатын адамдар болғандықтан олардың жүріс-тұрысы, атқарған қызметі, сөйлеген сөзі барлығы қоршаған ортаға әсерін тигізеді. Әсіресе, қазақ тілінде контент жүргізіп, өскелең ұрпақтың жанына рухани азық болар дүние түсірсе нұр үстіне нұр болар еді.
Бірқатар жаңалықтарға шолу жасалған соң, депутаттар Ә.Тәжібаев ауылының тұрғындарына сөз кезегін берді. Көптің ішінен суырылып шыққан зейнеткер З.Тымбаулиев елдімекендегі газ мәселесі туралы сөз қозғады. Ауыл ақсақалының айтуы бойынша биыл көгілдір отынмен қамтамасыз ету кешігіп жатыр. Оған себеп – мемлекет тарапынан қажетті қаражаттың толық бөлінбеуі. Бұл мәселе бойынша М.Жайымбетов күз айларында жетпеген қаражатты есептеп, өзге аудандардан артылған ақшаны Ә.Тәжібаев елдімекеніне газ кіргізуге жұмсайтынын айтты. Жиналған қауымның арасында келесі мәселені ауыл тұрғыны, зейнеткер С.Телжанов көтерді. Бейнетінің зейнетін көріп отқан жан ауылда мал жайылымының жоқтығын тілге тиек етті. Қарияның сауалына Мұрат Ергешбаев қазіргі таңда мал жайылымдары туралы заң актілері дайындалып және шаруа қожалықтарға тиісті жайылымдық жерлері зерттеліп жатқанын жеткізді. Алдағы уақытта заң күшіне еніп, әр адамға тиісті жер өлшеніп берілетінін ескертті. Халықтың көкейіндегі сұрақтарға жауап берген соң аузы дуалы, сөзі уәлі ауылдың батагөй аталары депутаттарға сәт сапар тілеп, шығарып салды.
Жаңа нысан жұрт игілігі үшін
Құрылыс – адамзат баласымен бірге келе жатқан жасампаз кәсіп. Ауқымды саланы алға жылжытуда құрылысшылардың еңбегі ерен. Соңғы он жылда аудандағы әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқынды жүруде. Заманауи үлгідегі аурухана мен емхана салынып, мектептер мен амбулаториялар, мәдениет ошақтары түгелдей дерлік жаңғыртылып келеді. Жаңадан бой көтеріп, халық игілігіне пайдалануға берілетін нысандар да аз емес. Соның бірі – Шиелі кентінде салынып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешені. Сенат және Мәжіліс депутаттары сапар барысында аталған кешеннің құрылыс жұмыстарымен танысты. Бұл ғимараттың бой көтеруіне республикалық және облыстық бюджеттен 582 млн 212 мың теңге қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу нәтижесінде "Промстройсервис.Е" ЖШС жеңімпаз атанған. Қазіргі таңда жұмыс қарқынды жүруде. Құрылыс аймағында жергілікті тұрғындардан 20 адам жұмыспен қамтылып, кешеннің халыққа табысталатын күні де алыс емес.
Мұнан соң депутаттар құрылысы жүріп жатқан Байсын ауылындағы 250 орындық мектеп құрылысы жұмыстарымен танысты. Нысанға облыстық бюджеттен жалпы 937 млн 558 мың теңге қаралған. Аталған нысанның да аяқталуына аз жұмыстар қалған. Жоспар бойынша биыл жаңа оқу жылын байсындықтар жаңа білім ордасында қарсы алады. Осы орайда Парламент депутаттары мердігерге бөлінген қаржының мақсатты игерілуі мен құрылыстың сапасы және мерзімінде аяқталуын тапсырды.
Жаңа баспана – жақсылық бастауы
Өз үйіңе қол жеткізу – жаңа, жарқын өмірдің бастамасы екені анық. Содан болса керек кез келген адам өзіне тиесілі тұрғын үйдің болғанын армандайды. Қазіргі таңда баспаналы болғысы келетін қазақстандықтар әртүрлі мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларына қатыса алады. Соның ішінде баспанаға мұқтаж, төлем қабілеті бар азаматтарға үй сатып алу мүмкіндігін ұсынатын бағдарламалар да жетерлік. Аудан халқы да үй кезегіне тұрып, баспанадан дәмелі болғанымен, біраз уақыт бойы өңірде мемлекеттік бағдарлама арқылы тұрғын үй салынбай келіп еді. Қазір сол олқылықтың орны толғандай. Айтпағымыз – "Нұрлы жер" мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында кентке кіре берістен салынған көппәтерлі үйлер. Сондай көппәтерлі үйлердің бірі – "Көкшоқы" мөлтек ауданынан бой көтерген 3 қабатты 18 пәтерлі тұрғын үй. Мәжілісмендер сапар барысында осы тұрғын үйдің де құрылысымен танысты. Атқарылып жатқан жұмыс туралы аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Дана Аман "Құрылыс материалдарының қымбатттауына байланысты жобаға қайта түзету жұмыстары енгізіліп, жергілікті бюджеттен қосымша 113 млн тенге қаралды. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Нысан тамыз айында халық игіліне беріледі" деді.
Аудандағы бірнеше нысанды аралап болған соң депутаттар "AMANAT" партиясының Шиелі аудандық филиалында тұрғындарды қабылдады. Көкейдегі күрмеулі мәселесін ортаға салған аудандықтардың сауалына Сенат және Мәжіліс депутаттары жауап берді.
