Kyzylorda-news.kz Бүгін Қазалы ауданының әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Айтбай Жандарбековтың төрағалығымен мәжіліс отырысы өтті.
Мәжіліске аудандық мәслихат төрағасы, аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары, сондай-ақ кент және ауылдық округ әкімдері қатысты.
Мәжіліс барысында «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясын іске асыру мәселесі талқыланды. 2026 жылғы 9 маусымда Қазақстан Республикасының Президенті 2029 жылға дейінгі «Digital Qazaqstan» ауқымды цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізудің жалпыұлттық стратегиясын бекіту туралы Жарлыққа қол қойған болатын.
«Digital Qazaqstan» – Қазақстанның дамудың жаңа моделіне көшуін көздейтін маңызды бастама. Стратегия аясында деректерді тиімді пайдалану, жасанды интеллект пен заманауи цифрлық технологияларды мемлекеттік басқару жүйесіне кеңінен енгізу, сондай-ақ мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру көзделген.
Осыған байланысты аудан әкімі Айтбай Жандарбеков цифрландыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттырудың және жаңа технологияларды тиімді пайдаланудың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, аудан аумағында цифрлық технологияларды енгізу бойынша нақты жұмыстарды жандандырып, белгіленген міндеттердің сапалы әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Сонымен қатар күн тәртібінен бөлек қосымша 2 мәселе қаралды.
«Мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіпкерлік мақсатында берілетін жеңілдетілген несиелер туралы» мәселе бойынша аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Жомарт Ақбергенов баяндама жасап, кәсіпкерлерге ұсынылатын жеңілдетілген несие түрлері, оған қойылатын талаптар және мемлекеттік қолдау тетіктері туралы ақпарат берді. Сондай-ақ «Егін жинау науқанының барысы туралы» аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Мұрат Әшірбеков баяндама жасады. Мұрат Әшірбеков егін жинау жұмыстарының қазіргі барысы, ауыл шаруашылығы техникаларының дайындығы және науқанды уақытылы әрі сапалы аяқтау бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Мәжіліс соңында аудан басшысы Айтбай Жандарбеков тиісті сала басшыларына цифрландыру бағытындағы жұмыстарды жандандырып, кәсіпкерлікті қолдау шараларын тиімді пайдалануды және егін жинау науқанын белгіленген мерзімде сапалы аяқтауды қамтамасыз етуді міндеттеді.
