Kyzylorda-news.kz Бүгін Үкімет отырысынан кейінгі облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте егін жинау науқанының барысы қаралды. Мәжіліске Қазалы ауданының әкімі Алмасбек Есмаханов селекторлық режим арқылы қатысты. Мәжілістен кейін тиісті сала басшыларына аймақ басшысының тапсырмаларына сәйкес нақты міндеттер жүктелді.

Биыл аудан бойынша 12 475 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылған. Оның ішінде 2 447 гектары күріш алқаптарына тиесілі. Бүгінгі күнге күріштің 809 гектары немесе 33,1 пайызы дестеге салынып, орташа өнімділігі гектарына 35 центнерді құрап отыр.

Аудан әкімі егін жинау жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтап, жиналған өнімді ысырапсыз қамбаға түсіруді тапсырды. Сонымен қатар, келесі жылға егіс көлемін жоспарлау, су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу және ауыл шаруашылығы құрылымдарымен бірлескен жұмысты күшейту қажеттігін атап өтті.

Мәжілісте аяқ су бойынша қалыптасқан берешекті өтеу мәселесіне де назар аударылды. Аудан бойынша шаруа қожалықтары мен жекелеген ауылдық округтердің аяқ суға берешегі 128,3 млн теңгені құрайды. Осыған байланысты жауапты тұлғаларға берешекті өндіріп алу жұмыстарын жандандыру және келесі суару маусымына дейін қарыздарды өтеуді қамтамасыз ету тапсырылды.

Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша ағымдағы жылдың 9 айында жер қатынастары саласында атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер қаралды.

Жыл басынан бері 10 644 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Сонымен қатар, 2022–2025 жылдары мемлекет меншігіне қайтарылған 72,5 мың гектар жердің 56 646,9 гектары қайта айналымға енгізілген.

Жерді тиімді әрі мақсатты пайдалану, мемлекетке қайтарылған жерлерді қайта айналымға енгізу, игерілмей жатқан учаскелерді анықтау, бос мемлекеттік жерлерді аукцион арқылы айналымға қосу және жайылымдық жерлерді тиімді пайдалану бағытындағы жұмыстардың барысы талқыланды.

Аудан әкімі жер қатынастары саласындағы жұмыстарды заң талаптарына сәйкес жүргізіп, жер учаскелерінің мақсатты әрі тиімді пайдаланылуына тұрақты мониторинг жүргізуді тапсырды.

Мәжіліс соңында ауданның санитарлық тазалығы мен абаттандыру жұмыстарының қазіргі жағдайы қаралып, Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласында анықталған кемшіліктерді жою бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берілді.

Аудан басшысы мәжілісте берілген тапсырмалардың белгіленген мерзімде және сапалы орындалуы қатаң бақылауында болатынын ескертті.

Тағы да оқыңыз: