maslihat_sailauy

Kyzylorda-news.kz Шиелі ауданы әкімдігінде аудан әкімі Айтбай Жандарбековтың төрағалығымен мәжіліс отырысы өтті. Мәжіліске аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері қатысты. 

Мәжіліс барысында күн тәртібіне сәйкес екі негізгі мәселе қаралды.  Атап айтқанда:

  • Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру.
  • Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді жетілдіру шаралары.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген басым бағыттар мен алдағы міндеттер кеңінен талқыланды.

28 қазан күні жарияланған Президент Жолдауы еліміздің алдағы даму бағдары мен жаңа тарихи кезеңдегі стратегиялық міндеттерін айқындап берді.

Жолдауда еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын жаңа деңгейге көтеру, заманауи инфрақұрылым қалыптастыру, инвестициялық әлеуетті арттыру, көлік-логистика жүйесін дамыту, энергетикалық қауіпсіздікті нығайту, ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыру, су ресурстарын тиімді пайдалану, цифрлық экономиканы қалыптастыру және мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін жетілдіру мәселелеріне басымдық берілген.

Шиелі мәжіліс отырысы 3.jpg

Мемлекет басшысы айқындаған міндеттерді жүзеге асыруда жергілікті атқарушы органдарға жүктелер жауапкершілік зор. Осыған орай аудан әкімі Айтбай Жандарбеков Жолдауда белгіленген басымдықтарды ауданның даму ерекшеліктерімен сабақтастыра отырып, нақты іс-шаралар жоспарына енгізу, әрбір бағыт бойынша жүйелі жұмыстар жүргізу қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының 2027 жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялау жөніндегі ұсынысына сәйкес, алдағы кезеңде құрылыс, жөндеу және инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарына ерекше назар аудару қажеттігі айтылды.

Осы бағытта аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұршат Бағдатұлы аудан аумағындағы құрылыс саласының өзекті мәселелері мен алдағы міндеттерге тоқталды.

Ал аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жомарт Мұхтарұлы инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту, автомобиль жолдарының сапасын жақсарту және осы бағыттағы жоспарлы жұмыстар жөнінде баяндады.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе - дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді жетілдіру шаралары бойынша тұрғындарды қажетті дәрілік заттармен уақытылы әрі үздіксіз қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

Жиынды қорытындылаған аудан басшысы Айтбай Жандарбеков жауапты бөлім басшыларына қаралған мәселелер бойынша нақты тапсырмалар беріп, олардың орындалуын жүйелі бақылауда ұстауды міндеттеді.

Шиелі мәжіліс отырысы 4.jpg

Тағы да оқыңыз: