Kyzylorda-news.kz. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Мәжіліс Төрағасының орынбасары, Мәжілістегі «Nur Otan» партиясы депуаттық фракциясының мүшесі Балайым Кесебаева Сыр журналистерімен кездесіп, қоғамдағы қордаланған мәселелер бойынша олардың ұсыныс пікірлерін тыңдады.
Халықтың мұңын билікке жеткізудегі алтын көпірлік рөл атқарып отырған журналистер қауымы өзінің емес елдік мәселелерді алға тартты. Атап айтар болсақ, бүгінгі таңда өзекті болып отырған жер мәселесі, жайылымдық жерлердің үлескерлері тарапынан наразылық күй, Көкарал су бекетіндегі жарықтың пайда болып, алдағы уақытта облыс тұрғындары үшін өте өзекті мәселе болу қаупі, республикалық бюджеттен қаржы бөлініп бөгетті жөндеу жұмыстарын қолға алу қажет екендігі, Сырдария өзеніндегі су деңгейінің түсіп кетуі, оның Үкімет тарапынан шешу жолдарын тез арада қолға алу қажет екендігі, облыс аумағындағы ақылы жол мәселесі, аймақ аумағынан шықпайтын көлік жүргізушілерінен ақы алынбау жолдарын қарастыру мәселесі.
Әлеуметтік әлсіз топтарды қолдау бағытында мүгедектігі бар азаматтардың шипажайларда тынығуға жолдама берілген кезде олардың көмекшілеріне де бірге жолдама беру жолдарын қарастыру, зағип жандардың көмекшілеріне қаржы төлеу мәселесін шешу жолдарын және мүгедектігі бар азаматтарға қоғамдық көліктерде тегін жүру мүмкіндіктерін қарастыру сонымен қатар салаға қатысты БАҚ өкілдерінің дәрежесін көтеру үшін арнайы Заңға өзгерістер енгізу қажеттігін қарастыру секілді көптеген мәселелерді көтерді.
Мәжіліс депутаты барлық сұрақтарға жауап беріп, көтерілген мәселелер бойынша парламент мінберінде көтеріп, нақты жұмыстар жасауға жұмыс жасайтындығын жеткізді.