Kyzylorda-news.kz. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Әміреев Ғалым Махмұтбайұлы Қызылорда қаласына қарасты Талсуат ауылдық округінде салынып жатқан 150 орындық клуб құрылысымен танысты.
Мердігер компания өкілдеріне құрылысты сапалы жүргізіп, мерзімінде аяқтау керектігін тапсырды. Сонымен қатар Ғалым Махмұтбайұлы құрылыс барысында еңбек қауіпсіздігін қатаң сақтау керектігін айтты.
Мұнан соң халық қалаулысы Қызылжарма ауылдық округінде болып, ауыл тұрғындарымен кездесті. Кездесу пікір алмасу форматында өтті. Онда ауыл тұрғындары көкейлерінде жүрген сұрақтарды қойып нақты жауаптар алынды. Сонымен қатар ауылдыұтар Мәжіліс депутатына жаңадан мектеп салу мәселесін, халық саны артуына байланысты емхананың тарлығы, емхана айналасына автотұрақ салу мәселесін және де жастарға арнап спорт кешенін салу мәселесін көтерді. Өз кезегінде Ғалым Махмұтбайұлы мәселелерді тиісті жерлерге ұсыныс ретінде жолдап, назарында ұстайтынын жеткізді.
Депутаттың Қызылорда қаласына іссапары қаладағы Бәйтерек тұрғын ауданындағы бой көтеріп жатқан 600 орындық мектеп құрылысы барысымен танысумен жалғасты. Оқу жылының екінші тоқсанына берілуге тиіс мектеп құрылысының сапасына мән беріліп, құрылысты мерзімінде аяқтау тапсырылды.
Мәжіліс депутаты келесі нысан ретінде осы аудандағы 1-ші және 2-ші кіре беріс жолдарына жүргізілген орташа жөндеу жұмыстарының барысын бақылады. Бұл ретте Ғалым Махмұтбайұлы жол салуда сапаның бақылауда ұстаудың маңыздылығын ескертті.
Партиялық бақылау посты ашылды
«AMANAT» партиясы Қызылорда қалалық партия филиалының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша қабылданған жол картасының 53.2 тармағында көрсетілген Бәйтерек шағын ауданындағы 600 орындық мектептің құрылысы және Талсуат ауылдық округіндегі 150 орындық ауылдық клубтың құрылысының сапалы жүргізілуін қадағалау мақсатында қалалық партиялық бақылау посттары құрылды.
Аталған посттардың мүшелігіне қалалық мәслихаттың депутаттары, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, белсенді партия мүшелері енгізілді. Құрылыс және жөндеу жұмыстары аяқталғанға дейін аталмыш тұлғалар бақылау шараларын жүргізетін болады.