Kyzylorda-news.kz. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Бақытбек Смағұл мен Ғалым Әміреев Қазалы ауданына жұмыс сапары кезінде медицина саласының қызметкерлері және теміржолшылармен кездесті.
Қазалы ауданаралық ауруханасында өткен кездесуде Мәжіліс депутаттары Бақытбек Смағұл мен Ғалым Әміреев пандемия кезінде күндіз-түні сапта тұрған ақ халатты абзал жандарға алғысын айтып, ризашылықтарын жеткізді.
Басқосуда Қазалы ауданаралық ауруханасының бас дәрігері Бақытгүл Әлішева емдеу мекемесіне республикада алғаш болып ангеограф аппараты орнатылғанын қуанышпен жеткізді. Бүгінгі таңда осы құнды аппарат арқылы жүрек-қан тамырларымен ауыратын науқастарға түрлі деңгейдегі оталар жасалатынын айтты. Ендігі мәселе ауруханада компьютерлік томографияға түсіретін аппараттың қажеттілігі туындауда. Себебі, Қазалымен қатар, көршілес Арал және Қармақшы аудандарынан келген науқастарды Әйтеке би кентіндегі теміржол ауруханасына апарып, көп уақыт жоғалтып алып жатқанын айтты. Ал, жүрек-қан тамырларымен науқастанып келген азаматтарға әрбір секундт қымбат екенін жеткізді.
Халық қалаулылары мұнан соң Қазалы локомотив жөндеу зауытында теміржолшылармен кездесіп, темірдей тәртіпті қажет ететін сала мамандарының ой-пікірлерін тыңдады.
Кездесуде Қазалы локомотив жөндеу зауытының директоры Нұрлан Алмағамбетов мекеме жұмысы жүйелі жүргізіліп, қазіргі таңда ұжым қызметкерлері өздері бекітілген жұмысты жауапкершілікпен атқарып жатқанын жеткізді.



