Kyzylorda-news.kz  ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мархабат Жайымбетов өңірдегі жұмыс сапары кезінде Қазалы ауданына арнайы барып, бірқатар құрылыс жұмыстарын бақылап, кәсіпкерлік нысандарды көрді.

Іссапар аясында депутат Әйтеке би кентін көркейту бағытында жасалып жатқан Жанқожа батыр көшесін абаттандыру жұмысымен танысты. Аталған көше көлік қатынасындағы және адам көп жүретін негізгі көшелердің бірі саналады.

Биыл абаттандыру жұмыстарына 142 млн. теңге қаржы бөлініп, қазіргі таңда мердігер «Каз Элит Строй Сервис» ЖШС-і тарапынан қырлы тас төсеу, су бұрқақ пен шағын мафтар салу жұмыстары жүруде. Мұнымен қоса жоба аясында ойын алаңдары салынып, спорттық жабдықтар орнату сияқты басқа да жұмыстар жүргізілетін болады.

Осы күні халық қалаулысы өңіріміздегі «Руханият жылы» аясында жаңадан салынып жатқан «Руханият орталығының» құрылысымен танысты.

Музей, кітапхана, мұрағат, неке қию залы, ардагерлер және аналар кеңесі, жастар орталықтары, азаматтық қоғам өкілдері мен тарихи-мәдени, рухани ұйымдарын біріктіретін орталықтың құрылысы шілде айында басталған. Мердігер «АСАР» ЖШС-і іргетасы астын (подбетонка) құю жұмыстарын толық аяқтап, іргетасын құю жұмыстарын бастауда.

Өз кезегінде фракция мүшесі Мархабат Жайымбетұлы кент келбетіне сән беретін абаттандыру және құрылыс жұмыстарын мерзімінде әрі сапалы аяқтап, халық игілігіне табыстау қажеттігін айтты.

Мұнан соң, Мәжіліс депутаты Қазалы қаласындағы «MEBEL_MIKO» жиһаз жасау цехының жұмысын көрді.

2018 жылы бөлме, ас-үй жиһаздары мен бөлме есіктерін шығаруымен айналысып бастаған шағын өндірістік орын жергілікті тұрғындардың сұранысын қанағаттандырып отыр. Кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік «Еңбек», «БЖК-2025» және «Іскер» бағдарламары аясында 17,0 млн.теңге жеңілдетілген несие алған. Кәсіп иесі Мейрамбек Нұғыманов тапсырыстың жоғары екенін, цехта 6 адам жұмыспен қамтылғанын атап өтті.

Ал өз кезегінде депутат кәсіпкерлікті қолдау мен отандық бизнеске қолайлы жағдай жасау бағытында жұмыстар жалғаса беретінін айтып, өндірістік орынның жұмысына сәттілік тіледі.

Осы күні халық қалаулысы Бекарыстан би ауылына барып, жергілікті шарулармен кездесті. Бақшалық өнім өсіруді отбасылық кәсіп қылған Серік Бәкішовтың бау-бақша ісінің барысымен танысты.

Ауыл тұрғынының бау-бақша дақылдарын өсірумен айналысқанына 20 жылдан аса уақыт болған. Биыл 2,5 гектар жерге қауын-қарбыз, асқабақ, қызанақ, картоп сияқты бақша дақылдарын егіп, 25 тоннадан аса өнім жинауды жоспарлап отыр. Бүгінде жиналған алғашқы өнімдерін аудан орталығына тасымалдап, жергілікті тұрғындарға тиімді бағада ұсынуда.

Еңбекқор, бірлігі мен тірлігі жарасқан ауыл шаруасының кәсібі көпке үлгі екенін айтқан депутат, жаз бойғы еткен адал еңбегінің жемісті болуына тілектестігін білдірді.

Арал ауданына жұмыс сапары барысында Мархабат Жайымбетов  Ақлақ су тоспасында болды.

Ақлақ су тоспасы (гидроузел) 2003 жылы басталып 2011 жылы салынып, құрылысы бітті. Бұл тоспа Балтық деңгейі бойынша 53,50 метрге дейін су деңгейін ұстайды. Қыста 400 текше метр су, ал жаз айларында секундына 515 текше метр су өткізе алады.

Ақлақ су тоспасының атқаратын қызметі - тоспаны 53,50 метр биіктіктегі су деңгейіне апарып, суды ұстап, осы деңгей арқылы Сырдария өзенінен келіп жатқан суды Ақлақ су тоспасына дейінгі орналасқан (11 көл) көлдерге, шабындықтарға, каналдар арқылы су жіберіп, балықтың өсуіне және мал азығы үшін шөп дайындауға септігін тигізеді.

Осындай жұмыстардың нәтижесінде сол өңірде орналасқан халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға зор мүмкіндік береді.

Халық қалаулысының жұмыс сапары Аманөткел ауылында бой көтеретін 150 адамдық ауыл клубының жобасымен танысумен жалғасты.

Мұнда депутат жергілікті ауыл ардагерлерімен кездесіп , ұсыныс тілектерін тындады. Одан әрі Ауыл маныңдағы Тұқы өсіретін тоған балық шаруашылығының жұмысын көрді.

«Арал Рыбторг» ЖШС қазіргі уақытта 15 гектар аумақтағы 4 тоғанда балық жіберу жұмыстары бастады.

Ағымдағы жылдың маусым айында 7 млн. 700 дана тұқы балықтары тоғанға жіберілді. Күзге дейін тоғандардың ауданы 25 гектарға дейін ұлғайту, содан кейін қуаттылығы жылына 15-20 миллион шабаққа арналған инкубациялық цехты орнату жұмыстары басталатын болады. «Арал Рыбторг» ЖШС тарапынан тауарлы балықтың алғашқы партиясын 2025 жылы алуды жоспарлауда. Жобаның құны: 150 млн. теңге. Ал, қуаттылығы жылына - 300 тонна.

Атап өту қажет, ауданда Еуропа нарығына шығуға мүмкіндік беретін «Еврокод» белгісі тек 2 кәсіпорында бар. Олар «Арал балық өңдеу зауыты» және «Арал сервистік дайындау орталығы» ЖШС-і балық өңдеу зауыттары.

457109721_919417993557171_1281358574791658838_n.jpg

 

457066566_919412326891071_2424921757105681482_n.jpg

 

456787969_919412393557731_8990864223815824763_n.jpg

Тағы да оқыңыз: