Kyzylorda-news.kz Мәжіліс депутаты, «Ауыл» фракциясының мүшесі Ерболат Саурықов Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаевқа депутаттық сауал жолдап, соңғы уақытта жиілеп кеткен мектеп директорларын негізсіз жазалау тәжірибесіне алаңдаушылық білдірді.

Ол сабақтан тыс уақытта оқушылардың жасаған құқықбұзушылықтары үшін білім беру мекемелерінің басшыларын тәртіптік жауапкершілікке тарту – әділетсіз әрі заңсыз қадам екенін атап өтті. Саурықовтың айтуынша, мектеп басшылығы тек оқу процесіне жауапты, ал тәрбиелеу мен бақылау — ең алдымен ата-ананың міндеті.

«Мектеп директорын жазалаудың орнына, ата-ананың жауапкершілігін нақтылайтын уақыт келді», — деді депутат.

Осыған байланысты Ерболат Саурықов Үкіметке бірқатар нақты ұсыныстарын жеткізді:

  • Сабақтан тыс және демалыс уақытында болған оқиғалар үшін мектеп әкімшілігі жауап бермейтінін ресми түрде түсіндіру;
  • «Білім туралы» және «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» заңдарға нақты түзетулер енгізу;
  • Ата-аналардың жауапкершілігін айқындайтын құқықтық нормалар әзірлеу;
  • Ауыл мектептеріндегі кадр тапшылығының алдын алу мақсатында мұғалімдердің құқықтық қорғалуын күшейту;
  • Халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, оқушының сабақтан тыс мінез-құлқы үшін ата-ананың жауапкершілігін заңмен нақты белгілеу.

Депутаттың айтуынша, бұл бастамалар мектеп ұжымын орынсыз қысымнан қорғап, жалпы білім беру сапасын арттыруға және ауыл мектептерінің әлеуетін сақтауға бағытталған маңызды қадам болмақ.

Фото: Мәжіліс

Тағы да оқыңыз: