Kyzylorda-news.kz. Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мархабат Жайымбетов Қ.Пірімов ауылындағы Қ.Күлетов атындағы №92 мектептің күрделі жөндеу жұмыстарымен танысып, жаңа оқу жылына дайындық жұмыстарын көрді.
Мектеп ауласында ең алдымен ауыл тұрғындарымен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Өз кезегінде жергілікті халық атқарылып жатқан жұмыстарға ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын айтты.
Ары қарай «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберіне күрделі жөндеуден өтіп жатқан нысанмен танысқан фракция мүшесі мердігер мекеме – «ГрадСтройСервис» ЖШС қызметкерлеріне жөндеу жұмыстарын уақытылы әрі сапалы етіп жасауды тапсырды. Сондай-ақ білім ордасындағы күрделі жөндеу жұмыстары оқу процесіне кедергі келтірмеу үшін жаңа оқу жылына дайын болу керектігін жеткізді.
Халық қалаулысы осы ауылдағы жаңадан пайдалануға берілген спорт кешенінің құрылысымен де танысып шықты. Бүгінде ауыл балалары бұл нысанда еркін күрес, грек-рим күресі, самбо, дзюдо, бокспен шұғылдана алады.
Айта кетейік, партияның сайлауалды бағдарламасына сәйкес Ү.Түктібаев ауылында да жаңа спорт кешені бой көтеріп, ағымдағы жылдың сәуір айында пайдалануға берілген болатын.