Қазалы аудандық мәслихаттың төрағасы Ғазиз Әліштің төрағалығымен аудандық мәслихаттың кезектен 60-шы сессиясы өтті. Сессияға аудан әкімі Алмасбек Есмаханов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекпанов, облыстық бағыныстағы мекеме басшылары, қала, кент, ауылдық округ әкімдері мен дербес бөлімдер басшылары және қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.

Сессияның күн тәртібінде қозғалған 2026-2028 жылдарға арналған аудан бюджетіне және ауданның 2026-2030 жылдарға арналған даму жоспарына өзгерістер енгізу туралы мәселелері бойынша аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Бахытжан Жарылқап хабарлама жасады.

Жиында аудан әкімі сөз сөйлеп, 2026 жылға арналған аудан бюджетіне енгізілген өзгерістерге тоқталып өтті.

-2026 жылға арналған аудан бюджетінің көлемі 13,6 млрд. теңге болып бекітіліп, бүгінгі күнге 18,9 млрд. теңге болып нақтыланды. Оның ішінде өз кірістеріміздің жоспары 4 млрд. 269,4 млн. теңге болса, 4 млрд. 362,2 млн. теңге болып бекітілді. Бүгінгі күні аудан бюджеті нақтыланып, аудан халқының игілігіне бағытталған бірқатар маңызды жобаларға қаржы қарастырылып, тиісті жұмыстар атқарылуда.  Атап айтқанда, жол жөндеу, Әйтеке би кентіндегі жаңа кварталдағы жеке тұрғын үй құрылысына инженерлік инфрақұрылым салу, көпқабатты тұрғын үйлердің ауласын абаттандыру, елді мекендердегі жеке тұрғын үй секторының инженерлік инфрақұрылым құрылысын жүргізу, елді мекендерді газдандыру жобаларын жүзеге асыру және тағы да басқа аудан халқының игілігіне бағытталған жобаларды жүзеге асыруға қаржы бөлініп отыр. Осы ретте барша аудандық мәслихаттың депутаттарын, кент, қала және ауылдық округ әкімдері мен мекеме, кәсіпорын басшыларын Президентіміздің, Үкімет басшысының және облыс әкімінің тапсырмалары мен алға қойған міндеттерін жоғарғы деңгейде жүзеге асырып, ауданда басталған игі бастамаларды одан әрі дамыту жолында бірлесе, аянбай жұмыс жасауға шақырамын, - деді аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы.

Сессия отырысында «Қазалы аудандық мәслихатының депутаты Жалғасбаев Нұрғиса Жаппарбергенұлының депутаттық өкілеттігі туралы аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Аманбай Қазалы ауданының аумақтық сайлау комиссиясының  қаулысының негізінде Нұрғиса Жаппарбергенұлының Қазалы аудандық мәслихатының депутаты өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқталғанын хабарлады.

Сессияда аудан басшысы елімізде 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауы - қоғамның әртүрлі саласындағы белсенді әрі білікті азаматтардың басын қосып, елдің өзекті мәселелерін талқылауға және ортақ шешімдер қабылдауға бағытталған маңызды саяси оқиға екенін жеткізді. Осы ретте барша жиынға қатысушыларды елдің ертеңіне жауапкершлікпен қарап, Құрылтай сайлауына белсене қатысуға, берекелі бірліктің үлгісін көрсетіп, Мемлекет басшымыздың бастамаларына қолдау көрсетуге шақырды.

Жиын соңында Нұрғиса Жалғасбаевқа депутаттық өкілеттігі кезінде атқарған жұмыстарына алғыс білдіріп, Қазалы ауданының ең жоғары наградасы «Құрмет грамотасын» табыстады.

Сессия алдында аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өткізіліп, сессияның күн тәртібіне ұсынылған мәселелер талқыланды.


FB_IMG_1786160223936.jpg

Тағы да оқыңыз: