Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қалалық мәслихат депутаттары шаһардағы бірқатар нысандарды аралады.

Халық қалаулылары алдымен Яссауи көшесіндегі теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірінің құрылысымен танысты. Құрылыс жұмыстары енді басталуда. Шұғыла және КБИ шағын ауданын байланыстыратын бұл көпірдің ұзындығы 55 метр. Нысан тамыз айында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. 

Бұдан соң Мұратбаев көшесіндегі 17 үйдің қасбетін жаңарту жұмыстарымен танысқан депутаттар құрылыс барысында мамандарға сапаға көңіл бөлу керектігін айтты. Биыл қалада 27 үйдің сырты заманауи панельді материалдармен қапталмақ. Қазіргі таңда 17 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеті жаңартылған. Игілікті бастама жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігі есебінен жүзеге асырылуда. Бұл өз кезегінде жыл сайын әрлеуді қажет етпейді, ауа райына төзімді болады. 

Аралау барысында депутаттар Шұғыла шағын ауданындағы бірқатар мәселелермен танысты. Аумақтан сайланған депутат Айгүл Мұсабаева мұндағы №7 және №235 мектептердегі және оның аумағындағы өзекті мәселелерді жеткізді. Оның ішінде №7 мектепке апаратын Ғ.Мұратбаев көшесі мен З.Шүкіров көшелері аралығында жаяу жүргінші жолдары мен кешкі жарық шамдары орнатылмаған, оқушыларға күз-қыс мезгілінде кешке мектепке қатынау қиындық тудырады. Сонымен қатар аталған білім ошағы күрделі жөндеуді қажет етеді. Бүгінде жөндеу жұмыстарын жүргізуге жоба-сметалық құжаттар әзірленген. Тек тиісті қаржы бөлінбеген. Осы мәселелер оң шешімін тапса оқушыларға қолайлы жағдай жасалады. Аталған шағын аудан тұрғындарын толғандырған тағы бір мәселе – қаңғыбас ит пен мысық жайы. Бұл да оқушылардың өміріне қауіп тудыруда. Депутат Айгүл Мұсабаева осы жайттарды назарға алып, тиісті мекеме тарапынан оң шешім табуына ықпал етсек деген ойын білдірді. 

Шұғыла шағын ауданында бұдан бөлек мәселелер де жетерлік. Тұрғындар №235 мектепке келетін жол бойындағы алаң жауын-шашын күндері оқушылардың қатынауына кедергі келтіріп отырғанын айтады. Сондай-ақ «Құлагер» аумағында орналасқан №22 тұрғын үй ауласындағы балалар ойын алаңы 2011 жылы демеушілікпен салынған. Қазіргі таңда балалар қалашығының тозығы жеткен. Осы орайда шұғылалықтар ең алдымен мектеп аумағындағы мәселені жою, ойын алаңдарын салу, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жайы шешілсе екен деген тілектерін жеткізді. 

Депутаттармен бірге тиісті сала басшылары да шағын ауданның жай-күйіне қанықты. Оларға аталған мәселелер бойынша тиісті тапсырмалар берілді. Сондай-ақ көтерілген мәселелер жоспарға енгізіліп, алдағы уақытта жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жұмыс атқарылмақ.

Тағы да оқыңыз: