Kyzylorda-news.kz.  Қызылорда облысы бойынша 134 646 мың тұрғыны медициналық көмекті толыққанды алу мүмкіндігінен айырылып отыр. Бүгінде МӘМС жүйесінде 650 322 мың адам немесе халықтың 80,6 % сақтандырылған (өңір халқы – 806 967 мың адам). Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Балжан Шәменованың төрағалығымен өткен МӘМС мәселелері жөніндегі өңірлік штаб отырысында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Бақыт Исмаханбетов хабарлады.

Филиал директорының айтуынша, биыл халықты МӘМС жүйесімен қамту бойынша Жол картасы бекітілді. Алайда қала мен аудан әкімдіктерінің тұрғындарды медициналық сақтандыру мәртебесіне өткізу бойынша атқарып жатқан жұмыстары көңіл көншітпейді.

«Сақтандырылмаған азаматтар үлесінің 93,1% – ында соңғы 12 айда төлем жасамағандар және жалдамалы жұмысшылар, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша еңбек ететін қызметкерлер, сондай-ақ жеке кәсіпкерлер. Осыған байланысты, әкімдіктер, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері, өңірдегі мемлекеттік кірістер департаменті МӘМС үшін жарналарды уақтылы және тұрақты төлеудің маңыздылығы туралы түсіндіру жұмыстарын күшейтуі қажет», – деп атап өтті Бақыт Исмаханбетов.

Жиында МӘМС аударымдар мен жарналарын уақытылы төлемей отырған мекемелер туралы да айтылды. Соның ішінде мемлекеттік мекемелер, мектептер мен балабақшалар кездесуде.

Тағы бір, өзекті мәселе – медициналық қызметтер сапасының төмендігі. Көбінесе тұрғындар медициналық көмектің сапасыздығына, медициналық көмек көрсетуден бас тартуға, медициналық көмекті ұзақ күтуге, тағы басқа мәселелерге шағымданады.

«Аймақта тар буынды дәрігерлер тапшы: проктолог, маммолог, балалар невропатологы, аллерголог. Сондай-ақ жоғары-технологиялық құрылғылар, яғни КТ, МРТ. Бұл халықтың медициналық көмекке қол жеткізуіне кедергі келтіреді», – деді ӘМСҚ филиалының директоры.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Балжан Шәменова медицина қызметкерлерін оқытуды тұрақты жүргізуді, халыққа консультациялық-диагностикалық, стационарлық қызметтердің уақытылы көрсетілуін қатаң бақылауға алуды, халық арасында және БАҚ және әлеуметтік желілерде  ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді және қала және аудан әкімдіктеріне «МӘМС жүйесіне тарту» ақпараттық – насихаттық тобын құру, белсенді емес халықты бірынғай жиынтық төлемнің пайдалы жақтарын түсіндіруді тапсырды. Осыған қосымша, мемлекеттік және бюджеттік мекемелердің қызметкерлеріне уақытылы МӘМС аударымдары мен жарналарын төлетуді тиісті басқармаларға тапсырмалар берді.

МӘМС пациенттердің құқықтарын қорғауға және тұрғындардың денсаулығын сақтауға бағытталған әлеуметтік жүйе екені баса айтылды.

Тағы да оқыңыз: