Kyzylorda-news.kz Кенеттен болатын жүрек өлімінің алдын алуға мүмкіндік беретін заманауи жоғары технологиялық оталардың бірі – кардиовертер-дефибрилляторды имплантациялау. Жыл басынан бері көп бейінді облыстық аурухананың кардиологиялық орталығында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында жүрек ырғағының ауыр бұзылыстары бар пациенттерге осындай 25 ота жасалды.
Жалағаш ауданының 72 жастағы тұрғыны Күлшары Спандиярова бірнеше ай бойы ентігу мен ауа жетіспеушілігін сезініп жүрген. Алайда бұл белгілердің себебі өмірге қауіп төндіретін жүрек ырғағының бұзылуы екенін білмеген. Тексеру нәтижесінде оған кардиовертер-дефибрилляторды имплантациялау ұсынылды. Ота сәтті өтіп, бүгінде жүрек соғысы қалыпты жұмыс істеп тұр.
«Маған екінші өмір сыйлаған дәрігерлерге алғысымды білдіремін. Жүректің тоқтап қалғандай сезімі, бас айналу мен әлсіздік енді жоқ. Мұндай ота алғаш рет жасалды. Осындай қымбат емді МӘМС аясында тегін алып, денсаулығымды сақтауға мүмкіндік бергені үшін алғыс айтамын», – дейді Күлшары Спандиярова.
Кардиовертер-дефибриллятор - тері астына орнатылатын шағын құрылғы. Ол тәулік бойы жүрек ырғағын үздіксіз бақылап отырады. Өмірге қауіп төндіретін аритмия анықталған жағдайда құрылғы оны бірден танып, автоматты түрде электрлік импульс немесе разряд беріп, жүрек ырғағын қалыпқа келтіреді және кенеттен болатын жүрек өлімінің алдын алады.
«Жүрек соғу жиілігі қауіпті деңгейге дейін жиілеген жағдайда құрылғы бір немесе бірнеше электрлік импульс беріп, аритмияны тоқтатып, жүректің қалыпты ырғағын қалпына келтіреді. Кардиовертер-дефибриллятордың қызмет ету мерзімі шамамен 10 жылды құрайды, ал оның құны шамамен 10 миллион теңге. МӘМС жүйесінің арқасында пациенттер бұл жоғары технологиялық медициналық көмекті тегін алады», – деді кардиолог Тілек Жамбыл.

