Kyzylorda-news.kz. Биыл Қызылорда қаласындағы бірқатар бөлімдердің біріктірілгені белгілі. Соның ішінде мәдениет пен спорт саласы да бар. Анығырақ айтар болсақ, қала әкімінің 2022 жылғы 26 желтоқсандағы №1509 қаулысы негізінде «Қызылорда қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне Қызылорда қаласы әкімдігінің «Қызылорда қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесін қосу жолымен Қызылорда қаласы әкімдігінің «Қызылорда қаласының мәдениет және спорт бөлімі» болып қайта құрылған. Екі ауқымды саланы қамтитын бөлімдер біріктірілгеннен кейінгі жұмыс ауқымы қалай? Мәдениет деп спортты, спорт деп мәдениетті кенжелетіп алмаймыз ба? Оның үстіне бұрын ана тілін ардақтайтын, салт-дәстүрін салмақтайтын бөлім болса, енді халықты салауатты өмір салтын ұстануға шақыратын, мәдени бастамалармен алға ұмтылатын, спортты дамытуға бағытталатын іс-шараларды ұйымдастыратын үлкен бөлімге айналып отыр.
Қызылорда қалалық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Жағыпар Тажмахановтың айтуынша, атқарылған да, атқарылатын да іс аз емес. Бөлім басшысы тоқмейілсіп отыруға болмайтын үлкен саланың жетекшісі екенін жақсы біледі. «Ақмешіт апталығы» газетінің тілшісі Гауһар Қожахметова Жағыпар Тажмахановпен сұхбаттасқанда Қызылорда қаласына қарасты Талсуат және Қарауылтөбе ауылдық округінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында типтік жобадағы 150 орындық ауылдық клуб ғимаратының құрылысы жүргізілгенін баян еткен болатын.
Бұл бөлімнің негізгі міндеттерінің бірі – мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, насихаттау және дамыту. Тілдерді дамыту мен қолданудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында бірқатар шаралар атқарылуда. Бөлім басшысының айтуынша, Қызылорда қаласында мемлекеттік тілдің мәртебесі жыл өткен сайын артып, мекемелерде іс-қағаз мемлекеттік тілде жүргізіліп келеді. Бөлім тарапынан қала әкімдігіне қарасты мемлекеттік мекемелердің құжат айналымының мемлекеттік тілде жүргізілуіне ай сайын тұрақты түрде зерделеу жүргізіледі. 2022 жылдың қорытындысы бойынша және 2023 жылдың І тоқсанында жүргізілген зерделеу барысында құжат айналымының мемлекеттік тілде қолданылуы толығымен 100 пайызға жеткен.
Сонымен қатар 2022 жылы бөлім мамандарының қатысуымен Қызылорда қаласындағы көшелерде сыртқы көрнекі ақпараттың орналасу заңдылығына мән беріліп, сауда орталығы мен дүкендердегі, дәмхана мен сұлулық салонындағы атаулардың, олардың кіреберісінде ілінген жарнаманың заң талабына сай орындалуын қадағалау мақсатында мониторинг жүргізілді. Зерделеу барысында нысандар мен дәм-ханаларға, мекемелер мен кәсіп иелеріне маңдайша жазуларының, басқа да көрнекі ақпараттың мәтінін жазу және орналастырудың үлгісі таратылып, 278 нысанға түсіндірме жұмысы жүргізілді. 92 нысанның жарнамасы қайта өзгертіліп, кемшілік жойылды.
«Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында «Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалы мен «Қызылорда автобус паркі» ЖШС арасында мемлекеттік тілді кеңінен қолданудағы өзара іс-қимыл мен әріптестік жайлы үш жылдық меморандумға қол қойылды. Онда қалаішілік қоғамдық көлік қызметкерлерінің аялдаманы қазақ тілінде атауға, тәрбиелік мәні бар нақыл сөздің ілінуіне, қоғамдық көлікте ұлттық нақыштағы ән мен күй және «Қазақ радиосы» арнасынан берілетін хабар қойылып, ана тілдің мәртебесін арттыру мақсатындағы шара бекітілді. Бүгінде меморандумның орындалуын қадағалау мақсатында рейд жүргізілуде», – деп ақпар берген Ж.Тажмаханов біздің тілшіге берген сұхбатында.
Өркениетке қадам басқан сайын мәдениет жұтылады дейтіндер де бар. Дегенмен қалалық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы бұл пікірмен келіспейді. Оның айтуынша, жаһандану мәселесі көтерілген сайын ұлттық құндылықтарға, өнерге, мәдениетке, тілге аса ден қойылып келеді. Әлбетте, жыл өткен сайын мәдениеттің тамырын ұлттық құндылықпен байланыстырып, олардың шығу тегін зерттеуге деген қызығушылық артып келеді. Бұл бағытта, ұлттық бірегейлікті сақтап қалудың ең ұтымды жолы – жас ұрпақтың бойында ұлттық руханилықты дамыта отырып, мәдени-эстетикалық тәрбие беру мақсатында жұмыс жүргізілуде. «Ол үшін ұлттық мақтаныштың кешегі тарихи тұғырларымен бірге бүгінгі тіректері де болуы шарт. Санамызды, мәдени келбетімізді қалыптастыруға тікелей әсер ететін көшеден, теледидардан күнделікті сан мың рет көретін өзге тілдердегі шетелдік жарнама, теле-хабар, фильм, жаңалық әуелгі ұлттық келбетімізді өзгертуде. Десек те кейінгі жас буын, яғни жаһандану дәуірі өкілдерінің адамзат мүддесін көздейтін мәдениетті қабылдамауы мүмкін емес. Біз осындай сындарлы көзқарас ұстану арқылы мәдениеттің дұрыс бағытта дамуына ықпал ете аламыз. Өйткені өткен ғасырдың тыныс-тіршілігінен де, оның озық мәдениетінен де оқшауланбай, мұның бәрі заңды құбылыс екенін түйсіне отырып, креативтік көзқараспен қоғам мүддесіне сай тұсын қабылдап, заманауи тұрғыда ұсынып келеміз» дейді бөлім басшысы.
Мәдениет және спорт бөлімі ана тілімізді насихаттау бағытында да бірқатар жұмыс атқаруда.
«Қазақ тіліне реформа, тіпті қажет десеңіздер, тілімізді жаңғырту қажет. Ғалымдарымыздың салмақты пікірін күтеміз. Тағы да қайталап айтамын, біз нақты қазақ тілін реформалаймыз. Мұндай ұлтымыз үшін тағдыршешті мәселеде науқаншылдыққа және жеңілтектікке жол беруге болмайды», – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазіргі уақытта республика көлемінде 2023-2029 жылдарға арналған тіл саясаты тұжырымдамасы дайындалуда. Осы себепті латын әліпбиімен жұмыс істеу тоқтатылып, тіл саясаты жөнінде бекітілген тұжырымдама нұсқасы күтілуде. Жыл көлемінде мем-лекеттік тілге байланысты мәдени шараларды жүргізуге 2 млн 458 мың теңге қаржы бөлінген.
Айта кету қажет, биылғы жылдан бастап облыстық қоғамдық даму басқармасы арқылы «Körneki» жобасы іске асырылуда. Анығын айтқанда, қала аумағында орналасқан орта және шағын кәсіпкерлік нысандарындағы көрнекі ақпараттарының «Тіл туралы» Заңының 21-бабына сәйкестігі зерделеніп, кемшілік анықталған нысан иелеріне түсіндіру жұмысын жүргізу мақсатында «Korneki» әлеуметтік жобасы іске қосылды.
Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасының тапсырысы шеңберінде жыл соңына дейін 30 көшенің бойында орналасқан кәсіпкерлік нысанға мониторинг жұмысын жүргізу жоспарланған.
«Көрнекі» жобасының аясында құрылған мониторинг тобының құрамында Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасына қарасты Тілдерді дамыту және ономастика бөлімі, «Тілдерді оқыту орталығы» КММ, қалалық мәдениет және спорт бөлімінің мамандары және арнайы дайындықтан өткен «Таза тіл» еріктілер тобы бар. Рейд барысында көше бойындағы халыққа қызмет көрсету орындары, сауда орталығы мен басқа да жеке кәсіп нысанындағы жарнама мен көрнекі ақпараттағы тіл нормасының сақталуы, мемлекеттік тілдің қолданылуы зерделенеді.
Сәуір айының қорытындысына сәйкес 5 көше, 216 көрнекі ақпарат пен жарнама зерделеніп, 51 кемшілік анықталды. Анықталған кемшілік бойынша түсіндіру жұмысы жүргізіліп, кәсіпкерлерге әдістемелік көмек көрсетілген.
Сондай-ақ жас таланттарды қолдау да назардан тыс қалмаған.
Жағыпар Айтбайұлының сөзіне сүйенсек, талантты, дарынды балалардың шығармашылығын дамыту үйірме жетекшілерінің тынымсыз еңбектеріне байланысты. Бұл ретте біздегі үйірме жетекшілерінің басым көпшілігі жастар және барлығы дерлік талантты өнерпаз, іскер ұйымдастырушы.
«Жалпы мәдениетке шын берілген адамдар ғана келеді. Шара кезінде сахнада жарқырап тұрғанымен, сахна сыртындағы мылтықсыз майданды көп адам біле бермейді. Білмеген соң сырт көзге бәрі оңай болып көрінуі мүмкін. Жұмысқа келген жас маманның қала мәдениетіндегі орны ерекше. Саланың ыстық-суығына, қызығы мен шыжығына төзіп, аз айлықпен ұлтқа қызмет етіп жүрген қыз-жігіттердің ұжыммен, үйірме мүшелерімен жұмыс жасауына көңілім толады. Бүгінгі жас буынды қала мәдениетінің болашағы деп сеніммен айта аламын», - дейді бөлім басшысы.
Біз мақалаға арқау еткен салаға кітапханалар жүйесі де қарайды. Қала бойынша 2 қалалық, 1 кенттік мәдениет үйлері және 1 қалалық, 1 кенттік клуб болса ауылдық округтерге қарасты 3 ауылдық мәдениет үйі мен 4 ауылдық клуб халыққа қызмет көрсетуде. 2023 жылдың 4 айында 204 мәдени-көпшілік іс-шара өткізіліп, оған 42597 көрермен тартылған. Оның ішінде онлайн форматта өткізілген мәдени іс-шара екеуді құраса, қаралым саны– 103. Қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесіне қарасты 21 кітапхана бар. Оның ішінде 11-і қалалық, 2-і балалар кітапханасы, 8 – ауыл тұрғындарына қызмет көрсетуде. Жыл басынан бастап 185 мәдени шара атқарылды. Оған 5547 адам қатысты.
Сонымен қатар Қызылорда қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Қызылорда қаласының тарихи музейі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды. 2020 жылдың 22 маусымында Қызылорда қаласының әкімдігінің қаулысымен, Қызылорда қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Қызылорда қаласының тарихы музейі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны болып қайта құрылды.
Қазіргі таңда музей қорында 1000-ға жуық экспонат бар. Экспозицияда орналасқан – 796. Оның 287-і негізгі қор, 509 көмекші қор.
Мақаланың кіріспесінде мәдениет пен спорт салалары біріктіріліп, үлкен бөлімге айналғанын атап өткенбіз. Сонда өздігінен «Екі ауқымды саланы қамтитын бөлімдер біріктірілгеннен кейінгі жұмыс ауқымы қалай?», «Мәдениет деп спортты, спорт деп мәдениетті кенжелетіп алмаймыз ба?» деген сұрақтар туындаған болатын. Көріп отырғандарыңыздай, ешқандай тоқтаусыз мәдени шаралар өтуде. Тілдерді дамытуға да ден қойылған. Бақсақ, спортты дамыту бағытындағы шаралар да өз деңгейінде жүріп жатыр екен.
Қала әкімінің баспасөз қызметі берген ақпаратқа сүйенсек, Қызылорда қаласында тұрғындардың дене шынықтыру және спортпен шұғылдануына арналған 684 спорттық нысан бар. Оның ішінде: 3 стадион, 10 спорттық кешен, 108 спорт зал, 6 бассейн, 1 хоккей корты, 2 ату тирі, 8 теннис корты, 105 қосымша салынған және лайықтандырылған ғимарат, 439 қарапайым спорт алаңы, 1 ипподром, 1 жеңіл атлетикалық манеж бар. Сонымен қатар Тасбөгетте де спорт кешені салынып жатқанын айта кеткен ләзім.
Статистикалық мәліметтерді алға тартсақ, 2021 жылы спортпен шұғылданушылар саны 112 649 адам болса, 2022 жылы бұқаралық спортпен шұғылданушылар саны 127 838 адамға жетіп отыр.
Бөлім тарапынан бұқаралық спорттық іс-шараларының күнтізбелік жоспарына сәйкес дене шынықтыру мекемелерімен, спорт мектептері және спорт клубтарымен бірлесіп 2023 жылдың қаңтар айынан бері 46 спорттық іс-шара өткізіліп, оларға барлығы 7 330 спортшы қамтылған.
Міне, қолда бар дерек осылай сайрап тұр. Мақалаға қала әкімдігінің баспасөз қызметі берген ақпарат пен мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Жағыпар Тажмахановтың сұхбатынан деректер алынғанын да айта кетейік.