Kyzylorda-news.kz. Сексен жылдық тарихы бар Жалағаш жері талай талантты шыңдаған шежіренің ордасы, мәдени мұраға бай киелі мекен. Қазірдің өзінде ауқымды істердің, игі бастамалар қолға алынған өңірдің дамуы, көркейіп, келбетінің артуы көрген көзге қуаныш сыйлайды. Қай саланы алып қарасақ та, алға жылжу бар. Өнер руханияттың айнасы десек, сол өнер тарландарының, май-талмандарының басын қосқан мәдениет саласы руханияттың мәйегі. Аудандағы осы саланың дамуында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің де істеп жатқан жұмысы нәтижелі деуге болады. 

Ал осы бөлімнің қызметкері, мәдениет – халықтың ең үлкен рухани азығы екенін ұғынған бүгінгі кейіпкеріміз аудандағы осы саланың дамуына айрықша үлес қосқан жандардың бірі. Оның сахна сыртындағы еңбегі көпке көрінбесе де, ауқымды шаралар мен жүйелі жұмыстардың жасалуына ықпалын тигізуде. Әсіресе өңірде Бибіәсия Дүйсенбиеваның бастамасымен мәдениет пен өнердің дамуында, мемлекеттік тіл саясатының жүзеге асырылуында және ұлтаралық қатынастың нығаюында келелі істер де қолға алынды. Бибіәсия Аманжолқызы 1976 жылы Қызыл¬орда облысы, Жалағаш ауданы, Мәдениет ауылында дүниеге келіп, кейіннен М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша жоғары білім алған. Мәдениет саласындағы еңбек жолын 2004 жылы Жалағаш аудандық мәдениет бөлімінде бас маман болып бастаған ол, 2005 жылы Жалағаш аудандық мәдениет, ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің же-текші маманы, 2006 жылы Жалағаш аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жетекші маманы, 2008 жылы бас маманы, 2017 жылдан бастап бөлімнің сек¬тор меңгерушісі қызметін атқарып келеді. Ауданда мәдениет пен өнердің дамуына, мемлекеттік тіл саясатының жүзеге асырылуына және ұлтаралық қатынастың нығаюына зор үлес қосып келеді.
Бибіәсия Аманжолқызымен әңгімелесіп отырып, кәсібіне риясыз берілгенін және осы саланың алға басуына аянбай еңбек етіп жүргенін білдік. Мәселен сала маманы қызметте жүріп аудандағы әкімшілік-аумақтық бірліктердің құрамдас бөліктері туралы деректерді, тарихи-географиялық атауларды зерттеу, жинақтау бағытындағы жұмыстарды ұйымдастырды, деректер қорын, «Жалағаш ауданындағы тарих және мәдениет объектілерінің экскурсиялық жол картасын» әзірлеп, облыстық жобалық кеңсе арқылы «Шабыт-Арт студиясы» жобасын іске асырды, кітапханалар жанынан коворкинг орталықтарының ашылуын да қамтамасыз еткен. 

Сонымен бірге ауданның ұлттық өнері мен рухани мұрасын насихаттау мақсатында «Жалағаш жауһарлары» атты сегіз дискіден тұратын Жалағаш ауданының ән-жыр мұрасы антологиясын үйлестіріп, С.Иманғалиевтің «Жалағаш көшелері» кітабының құрастырылуына қатысқан. Республикалық деңгейде аталып өтілген Бұқарбай батыр Естекбайұлының 200 жылдық, Жалағаш ауданының 80 жылдық, Мемлекет және қоғам қайраткерлері Т.Жүргенов, І.Қабыловтың және Социалистік Еңбек Ері Ұзақ Еспановтардың мерейтойларын және басқа да республикалық, облыстық  деңгейде өткізілген іс-шаралардың жоғарғы деңгейде ұйымдастырылуына да тікелей қатысқан екен. 2020 жылы пандемия кезеңінде «YouTube» арнасынан «Өнерлі өлке: Жалағаш ауданы» атты Жалағаш аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің арнайы парақшасын ашып, мәдениет үйлері мен клубтардың үздік концерттері мен  мұрағат қорындағы үздік қойылымдарының жариялануын қамтамасыз еткен. Сондай-ақ 2003-2012 жылдары аралығында Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйі жанындағы Халық театрының белді мүшесі ретінде Ш.Айтматовтың «Ана – Жер Ана», Қ.Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында», Т.Ахметжановтың «Қараторғай немесе аман бол ақ жайлау» атты спектакльдерінде басты рольдерді сомдап, көрермен көзайымына айналып та үлгерген екен.  
– Мен алғаш мәдениет саласына 2004 жылы келдім. Негізінде менің бұл салаға келуіме себепші болған 2003 жылы желтоқсан айында «Үздік оқырман-2003» ау-дандық оқырмандар байқауы болатын. Кітапхана тарапынан ұйымдастырылған осы байқауда Бас жүлдеге ие болдым. Бұл уақытта мен №202 орта мектепе қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі едім. Осы байқаудан кейін аудандық мәдениет үйі жанындағы Халық театрының негізін қалаушы режиссер Мәдиев Тынымбай ағай мені Шыңғыс Айтматовтың «Ана – Жер Ана» спектакліндегі басты рөлді сомдауға шақырды. Мен Әлиманың рөлін сомдадым. Қызылорда қаласында өткен Халық театрлары байқауына қатысып, үздік атандық. Мектепте мұғалім болып жүріп түрлі аудандық қоғамдық іс-шаралардың бел ортасында жүрдім. Осы кезеңде мәдениет бөлімінде бас маманның орны бос болатын. 2004 жылы аудан әкімінің орынбасары Болат Жекенов пен мәдениет бөлімінің басшысы Гүлнәр Дихамбаева мені осы орынға шақырды. Менің мәдениет саласына келуімнің басы осылай басталды, – деген кейіп¬керіміз мамандығы мұғалім болғанымен өнерге жақын болғанын айтады.  

Ұлы мамандық ұстаздық жолды игерсе де, табиғат сыйлаған өнер әлеміне деген ерекше ықыласы Бибіәсияны осы салаға жетелеп келді. Содан бері мәдениет саласында қаншама еңбек етті, жауапкершілік жүгін арқалап, артынан ерген жас мамандардың тәжірибе жинауына септігін тигізді. Мамандығына деген адалдығы әрқашан нақты мақсаттар қойып, жетістіктер шыңына шығуға талпындырды. Қолға алған әрбір ісінің берекелі әрі нәтижелі болуы да маманның кәсібилігінен деп білеміз. Бибіәсия Аманжолқызы мәдениет саласында жиырма жылға жуық ғұмырын сарп етті және бұл уақыттардағы еңбегі елеусіз қалмады. Биік белестерді бағындыруда да, жетістікке жетуде де жұмыстың нәтижеге бағытталуы аса маңызды. Мәдениет саласының майталманы, жерлесіміз, кейіпкеріміз Бибіәсия Дүйсенбиеваның Мәдениет және өнер саласына қосқан үлесі үшін жеткен жетістіктері біршама. Ол 2008 жылы аудан әкімінің «Үздік мемлекеттік қызметші» номинациясын, Халықаралық Қазақ тілі қоғамының “Құрмет” грамотасын, ҚР-ның Мәдениет және спорт министрінің алғысын, ҚР-ның Қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департамент басшысының алғысын, Қызылорда қаласының 200 жылдық, Жалағаш ауданының 80 жылдық мерекелік төсбелгісін және Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдық мерекелік медалін иеленсе, жуырда Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен наградталды. Әрине бұл төсбелгі ойлаған ісін орындалған іске айналдыра білетін талапты қызметкердің жеңіс тұғырындағы соңғы марапаты демейміз. Кәсіби маманның атқарған әрбір ісіне, салаға қосқан үлесі мен нәтижеге бағытталған жүйелі жұмысына алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

«Жалпы мәдениет саласындағы жетістіктер мәдениет мекемелерінің жұмыс-тарымен, статистикалық сандық көрсеткіштерімен және белгілі есімдердің болуымен ғана өлшенбейді. Бүгінгі күні мәдениет – тұлғаның рухани-эстетикалық дамуының, жалпыұлттық бірлікті қалыптастырудың және елді әлемдік қоғамдастыққа ықпалдас-тырудың қуатты құралы болуы тиіс» деген маманның салмақты сөзі де алда әлі талай жетістіктерге қол жеткізері сендірді. Бөлім қызметкерімен сұхбаттасқанда балалар жылында атқарылатын жұмыстардың да шет жағасынан хабардар болдық. Бибіәсия апайымыз жылдың балаларға арналуы өте маңызды дейді. Себебі оның айтуынша, балалар әдебиетіне қолдау қашанда толастамауы керек. Бұл өз кезегінде саланың кенжелеп немесе тоқырап қалуының алдын алады.  Естіп білгеніміздей, биылғы жылы шаралардың басым бағыты балалардың оқу сауаттылығын арттыруға бағытталмақ. Сонымен қатар балалар шығармашылығын дамыту бағытында конкурстар, фестивальдер ұйымдастыру және балаларға арналған қойылымдар іске асырылмақ.

Биылғы жылы «Саяхат» жобасы іске асырылатынын, жоба аясында аудандағы жер-су атауларының шығу тарихы жинақталатын, сондай-ақ тарихи орындар мен туған өлкенің тарихын зерделеуге қызығушылықты арттыру мақсатында деректі материалдар топтамасының арнайы шығарылымы ұйымдастырылатынын жеткізген кәсіби маманның ой-өресі, тұлғалық дамуы мен жүріп өткен жолы талай жасқа бағдаршам болуға әбден лайықты. Мақаламызға арқау болған нәзікжанды жаңа толқын жас буынға бағыт-бағдар беріп, өнердегі өмірлік тәжірибесімен бөлісіп отырады. Сондай-ақ өнер атты өлкеге қадам басқан жас мамандар белгілі қоғам қайраткері Ілияс Омаровтың «Мәдениет – халықтың ең үлкен рухани азығы. Бұл салаға кез келген жан келе бермейді, халыққа мәдени қызмет көрсететін маманның өзі мәдениет пен білімді кемел игерген адам болуы тиіс. Жеңіл ойлы адамға жұмысы оңай көрінетін бұл салаға қызығып келушілердің ұзақ уақыт тұрақтап қалуы сирек құбылыс. Осы саланың ыстығына күйіп, суығына тоңуға шыдауға әзір адамдар ғана мәдениет пен өнерді көркейтуге өз үлестерін қоса алады» деген сөзін үнемі естен шығармаса екен деген ой толғанысын да жеткізді.

Тағы да оқыңыз: