Kyzylorda-news.kz. Ауданымыздың өнері мен мәдениетіне сүбелі үлес қосып, әлеуетін арттыруда халықты өрелі өнермен сусындатып, рухани байлықты толықтыруға және игі дәстүрлерді жалғастыруда Қонысбек Қазантаев атындағы мәдениет үйінің қызметкерлері аянбай еңбек етіп осы саланың мерейін көтеріп жүр. Құлақтан кіріп, бойды алар әсем ән мен тәтті күй, әуезді әуенмен үйлесім тапқан ырғақты би, рухани байлық сыйлайтын таеатр, кітапхана, бәрі де қазір Қонысбек Қазантаев атындағы мәдениет үйінің қызметінің аясына сыйып, тұтас бір елге қызмет етіп, ауданымыздың мәдени өрлеуі жолында жұмыс атқарып келеді.
Бүгінде аталған бөлім 6 аудандық және 31 ауылдық мәдениет ұйымдарды құрайды. Оның ішінде 7 мәдениет үйі, 9 клуб, 18 кітапхана, тарихи-өлкетану музейі, мәдениет және өнерді дамыту орталығы, руханият орталығы және 9 спорт ұйымы аудан тұрғындарына мәдени және бұқаралық қызмет көрсетіп келеді. Мәдениет ұйымдары ағымдағы жылдың І жартыжылдығында ұлттық мәдениетті ілгерілетуге және дәстүрлерді жаңғыртуға, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған әртүрлі форматтағы іс-шаралар: театр қойылымдары, шығармашылық конкурстар, фестивальдер, конференциялар, акцияларды ұйымдастырып келеді.
Аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері қай жағынан алсақ та күн демей, түн демей әркез қызметке дайын екендіктерін көрсетіп жүр. Жүйелі түрде атқарылып жатқан жұмыстардың ең бастыларына тоқталар болсақ, биылғы жылдың басты ерекшелігі мемлекет және қоғам қайраткері Т.Жүргеновтің 125 жылдық мерейтойын атап өту. Қазақ мәдениетінің, руханиятының дамуына зор үлес қосқан тұлғаның есімін халық жадында сақтап, өнегелі ісін жастарға үлгі ету мақсатында «Түркі әлемінің Темірбегі» атты облыстық ақындар айтысы өткізілді.
Сонымен қатар еліміздің бірегей тарихи-мәдени мұрасын, тарихи оқиғалар мен ұлы тұлғаларды танымал ететін, ел мәдениеті мен ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін ең тиімді тәсілдердің бірі – кино екені белгілі. Осы ретте мәдениет және өнерді дамыту орталығы аудан тұрғындарына Ел Тәуелсіздігінің тұғырлы көрінісін ұлықтайтын, имандылық, тәрбиелік маңызы бар Қазақстандық патриотизмге үндейтін, рухани-мәдени мұраларды насихаттайтын отандық кино туындыларын үлкен экран арқылы көрсетуде кешенді жұмыстар жасап келеді.
Аудандағы мәдениет үйінің бір міндеті – өнерпаздардың шығармашылығын уақыт талабына сай дамытып, оның мән-мағынасына, ерекшелігіне қарай бағыт-бағдар беру, шығармашылық өнердің рөлін арттыру мақсатында жүйелі жұмыстарды жүргізу болып табылады.Жас таланттарды табу, балалар мен жасөспірімдерге шығармашылық және көркем-эстетикалық білім беру бағытында Жаңаталап ауылдық клубы жанынан жаңадан 2 үйірме «Киімдерді үлгілеу, пішу және тігу» заманауи АРТ-индустрия және Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйі жанынан «Балдәурен» балалар драма үйірмелері ашылып, қазіргі таңда мәдениет үйлері мен клуб кәсіпорындарында барлығы 95 үйірме жұмыс жасауда.
Сондай-ақ аудандық мәдениет үйі былтырғы жылы аудан мәдениетін республикалық мәдени кеңістікке ықпалдастыру, насихаттау мақсатында бірқатар жетістіктерге қол жеткізді.Кітапханада құрылған «English club» үйірмесі де қазір үлкен сұранысқа ие. Сонымен бірге ауылдық, аудандық, қалалық, мектептердің және жоғарғы оқу орындары кітапханалары арасында өткізілген «Jana kitaphana - 2022» республикалық онлайн байқауына Мәдениет ауылдық кітапханасы қатысып, «Заманауи кітапхана» номинациясы бойынша «Қазақстан Республикасының Үздік кітапханасы» атағына ие болған болатын. Кітапхана мен оқырманды, оқырманмен белгілі тұлғалар арасын жақындастыру мақсатында Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, өлкетанушы - журналист Б.Нұржановтың «Ауыл жайлы айталық бір әңгіме...» кітабына кітап беташары, «Жалағаштан Ауғанстанға дейін» атты кітаптың авторы Т.Адисұлымен кездесу кеші, 23 сәуір – Дүниежүзілік кітап және авторлық құқығын қорғау күніне орай «Kitap - TIME» фестивалі өткізілді.Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қуат Әдистің өлеңдері Мәскеуде жарық көрген «ТМД елдерінің заманауи әдебиеті» деп аталатын үш томдық антологиясына еніп,орыс тіліне аударылды.Мәдениет саласының қызметі Мемлекет басшысының Жолдауларына, «Ұлттық рухани жаңғыру» бағдарламасына негізделген. Осы бағытта іске асырылған «Шежірелі Жалағаш», «Дәстүр мен таным», «Сыр тұнған Жалағаш», кітапханаларда оқу сауаттылығын арттыру мақсатында «Оқитын өлке», «Өркениетке бастаған туған өлке», «Кітапхана және жастар», «Жүрек жылуы» жобалары бүгінде өз жалғасын табуда.
Былтырғы жыл «Балалар жылы» деп аталуына орай арнайы бекітілген жоспарға сәйкес ауданда 38 іс-шара өткізілді. Оның ішінде «Сыйластық өлкесі», «Қоянның үйшігі» ертегілері, «Еңбектеу менің еңбегім» атты бүлдіршіндер арасында байқауы, Тілеген Бекарыстановтың «Бала батыр» ертегі-мюзиклі, «Кешкі кітапхана әлемі» атты мәдени акциясы балалардың қызығушылығын арттырған ерекше іс-шаралар ұйымдастырылған болатын. Мәдениет үйлері мен клубтарының көркемөнерпаздары 2023 жылдың облыстық байқаудан 23, республикалық байқаудан 7, халықаралық байқаудан 7 жүлделі орындарды иеленді. Осы тұста мәдениет үйі қызметкерлерінің шоқтығы биік десек те артық емес.
Сондай-ақ 2023 жылы №14 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, №13 олимпиадалық резервтік мамандандырылған жасөспірімдер спорт мектебі және «Наркескен» спорт клубында дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатын 7 мен 18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер саны 25 пайызға жетіп отыр. №13 және №14 спорт мектептерінде барлығы 1592 оқушы 14 спорт түрімен шұғылданса, «Наркескен» спорт клубында 1044 спортшы 8 спорт түрімен шұғылданып келеді.
2023 жылдың І жартыжылдында спортшыларымыз республикалық және халықаралық жарыстарға қатысып, ҚР чемпионаттарында 7- алтын, 2- күміс, 1- қола медальдарды, облыстық жарыстарда 22- алтын, 13- күміс, 20- қола медальдарды жеңіп алды.