Kyzylorda-news.kz. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы лудоманияны ресми түрде құмар ойындарға патологиялық әуестігі бар адамдардың дерті деп есептейді. Бұл проблема әлемде ғана емес, Қазақстанда да өткір күйінде қалып отыр.

Статистиканың өзі адам шошырлық. Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, лудомандар саны 350 мың шамасында. Сонда 20 млн тұрғынның 1,75 пайызы ойынқұмарлықтың құрығына ілінген болып тұр. Ал әрқайсысының орташа қарызы – 10 млн теңге. Соңғы үш жылда қазақстандықтар құмар ойындарға 1 трлн теңгеден астам қаражат жұмсаған. Соның кесірінен талай отбасы ыдырап, қаншама адам өмірден түңіліп, өз-өзіне қол жұмсады.

Ойын автоматтарының, онлайн-казинолардың, букмекерлік кеңселердің көбеюі жағдайды одан сайын ушықтырып жіберді. Ел үкіметі енді құмар ойынға қатысып, бәс тігетіндер санын 2026 жылға қарай екі есе азайтуға ықыласты. Осы орайда оларға мемлекет есебінен тегін ем-дом, медициналық-әлеуметтік оңалту шараларын ұсынады. Ол үшін бюджеттен 80 млн теңгеден астам қаражат бөледі.

Бірақ миды арбаған, сананы шырмаған дерттен құтылу оңай шаруа  емес.  Психолог Нәзира Аймаханова бізбен сұхбатында терең құдықтан адамды өзіне сенімі, ерік-жігері ғана шығара алатынын айтты. Төменде тәжірибелі маманның лудомандарды емдеу кезіндегі ой-тұжырымын ұсынып отырмыз.

Бұрынғының казиносы карта еді

Бұл бұрын, смартфон пайда болмай тұрған кезде де болған. Бір үйге жиналып карта ойнаушы еді ғой. Әсіресе, ер адамдар. Ондай көрініс өзім туып-өскен ауылда да кездесетін. Ойынға құмарлығының кесірінен өмірі қор болған, өз-өзіне қол жұмсаған адамдар болды.

Қазір онлайн заман, виртуалды ғасыр. Ойынның жеті атасы қолжетімді. Лудомания күннен-күнге өршіп барады. Маман ретінде маған жүгінетіндер санында есеп жоқ. Алдымен ойынға салынып кеткен адамның жақын-жуығы хабарласады. Тәжірибе жинайын, жағдайды зерттеп көрейін, көмектесе аламын ба, қолымнан келе ме, жоқ па, көз жеткізейін деген оймен лудомандарға бес жыл бойы тегін көмек көрсетіп келдім. Сонда байқағаным, құмар ойынға адам екі түрлі себеппен барады. Біріншісі – көрсоқырлық, яғни үсті-үстіне ақша тапсам, оңай әрі тез байысам деген ой. Жалпақ тілмен айтқанда, күрек ұстамай «Лексус» міну. Екіншісі – ойынның рахатына бату. Бірақ оған баспен кіріп кеткенін, қарызға батып, отбасына зиян келтіріп жатқанын өзі байқамайды.

Ең әрісі жетінші сыныпта басталған

Лудоманияның бастапқы белгілері – өзімен-өзі оқшау қалады, тұйықталады, көп адамнан қарыз сұрайды. Қарыз берген кісілер бұған хабарласа алмайды. Сондықтан әке-шешесін, бауыры немесе әйелін мазалауға мәжбүр болады. Ет жақындары оның құмар ойынның құрығына ілінгенін сол кезде бір-ақ біледі.

Сенесіз бе, пациенттердің құмарлығы былтыр, екі не бес жыл бұрын пайда болмаған. Ең әрісі жетінші сыныпта оқып жүргенде басталған. Мектепте оқитын балада ненің ақшасы деп ойлайтын шығарсыз. Сөйтсем, төменгі сыныптың оқушыларына қысым көрсетіп, кішігірім әлімжеттік жасауға дағдыланған екен. Студент кезде достарының «жүр де жүр» деуімен жүз теңгеден бәс тігіп бастаған пациенттер болды. Құмар ойынның түрі өте көп. Казино, компьютерлік ойындар бар, инстаграм, тик-токта да ондай толып жатыр. Қоғамның басты капиталы – адам екенін ескерсек, мұны адамға жасалған жауыздық деп есептеймін.

Байдың балалары да бар

Көмек сұрап келетіндерді жоқшылық көрген деп біржақты айтуға болмайды. Арасында тұрмысы тәуір кісілер де, байдың балалары да бар. Сосын көбі тығырықтан өзім шығам деп ойлайды. Бірақ ол мүмкін емес! Ойынқұмар адамның туған-туыстары хабарласқан кезде «ол өз еркімен келмейінше күштеп көмектесе алмайсыз» деп бірден бас тартамын. Келген күннің өзінде бір ғана психологтың көмегімен оңалып кетуі қиын. Біз тек оның өзіне-өзі қол жұмсамауына, қалпына келуіне көмектесе аламыз. Одан әрі бірыңғай лудомандарды емдеумен айналысатын тәжірибелі психологқа, психиатрға қаралып, үзбей ем алғанда ғана нәтижеге қол жеткізуге болады.

Мені қынжылтатыны, маған хабарласатындар, келетіндер арасында қыз-келіншектер көбейді. Олар бұл жолға бала күнінде көрген жоқшылықтың орнын жабу үшін барды дей алмаймын. Мысалы, бала күтімімен үйде отырған бір әйел күйеуіне көмектескісі келіп тик-ток арқылы 5 мың теңге салған. Оны 50 мыңға айналдырып аламын деп ойлаған. Оңай олжа қақпанда ғана болады емес пе?! Үсті-үстіне қарыз алып, енді сол 5 млн-ның үстіне шығып отыр. Қазір күйеуі екеуі ажырасып жатыр. Екі ортада бес балаға обал. Жақында екі қаралушыны Алматыдағы емдеу орнына жібердім.

«Балам өліп қалса екен» деген ана болды

Лудоманның жақындары тарапынан жіберілетін ең үлкен қателік – оның қарызын жауып беруі. Содан «мені қарыздан тағы құтқарады» деген түсінік қалыптасады. Бірақ адамның жүйкесі темір емес қой. Бір төлейді, екі төлейді, шамасы құриды. Ойынға салынған ұл-қыздың жолында үйін, мал-мүлкін садақа қып қиып, «енді тек өзімді беру қалды, қараңды батыр!» деп безінген ата-аналар болды. Қызылордалық жігіт анасының атындағы үйдің құжатын ұрлап, сыртынан рәсімдеп, сатып жіберген. Сол кісі «балам өліп қалса екен» деп те қарғаған.

Жас жігіт алғашқыда мені психолог ретінде мойындай қоймады. Келеке қылды. Сосын екі терапия бойы ойынқұмарлығы туралы сөз қозғаған жоқпыз. Балалық шағы, өміріндегі басқа да жағдайлар туралы әңгімелестік. Ақыр аяғында қалай лудоман болғанын өзі-ақ жылап айтып берді. Жалғыз ұл екен. Әкесі жоқ. Анасы бетінен қақпай өсірген. Группаласына еріп осы жолға түскен. Бір жарым жыл бойы шешесін «даяшы болып жүрмін» деп алдап, үйіне кеш келуді әдетке айналдырған. Қарызын жаппақ болып көлігін сатқан. Шешесі күдіктенген. Маған әкелді. Сөйлесу барысында жігіттің интеллектуалды жобалар жазуға қабілеті барын байқадым. Тапсырма беру арқылы жобалар дайындатып, таныстарға ұсындым. Бір жобасы Оңтүстік Кореяға өтіп тұр. Құны – пәленбай миллион. Өзі кәріс тілін жетік меңгерген. Қазір ойынның орнын осы қызығушылығы басты. Қарызын да жапты, көлік те алды.

Үшінші кейс. Ата-әжесінің қолында өскен. Әке-шешесін атымен атайды. Ата-әжесі қайтыс болғанда өзін далада қалғандай сезінген. Құмар ойынға салынуының себебі кеудесіндегі бос кеңістіктің орнын толтырғысы келген екен. Қарызға батқан, оны жабам деп несие алған. Ашылып сөйлескенде әке-шешесіне реніші барын айтты.

Алты баласы бар әйел келді. Күйеуі тіпті ойынға баланың жөргекпұлын, досының көлігін (кезінде мұның атына жазып қойған екен) салып жіберген. Қарызы 8 млн-нан асып кеткен. Мен оны психиатрға жібердім.

Аралдан жап-жас жігітті туыстары алып келді. Бизнесі бар, кескін-келбеті келіскен, жалғыз ұл. Ол да әуелгіде аз-маз ақша салып бастаған. Бірақ ақыры жақсылыққа әкелген жоқ. Екі терапиядан соң қателескенін саналы түрде түсінді. Ауылына қайтты. Бірақ осымен болды демей, оны жыл бойы, әр күні бақылап отыруға келістік. Айтпақшы, теріс қадамға негізінен жалғыз өскен, ерке, кенже балалар көп барады.

Әркім өз әлемінде

Біз қазір баланы қалай тәрбиелеп отырмыз? Бәріміз қу тірлікпен ұл мен қызға көңіл бөле бермейміз. Жұмыстан шаршап келгесін қолына телефон ұстата саламыз. Тыныш отырса, мазамызды алмаса болды. Өзімізге қажеті жоқ нәрсеге араласамыз, соны талқылаймыз. Бала шетке ығыса береді. Оның өз әлемі бар, виртуалды әлемі. Телефоннан не көріп, не оқып жатқанын бақыламаймыз. Білген күннің өзінде зиян екенін айтып түсіндіре алмаймыз. Оған өреміз жетпейді. Әр баланың арманы бар. Ал арманыңа махаббаттың арқасында ғана қол жеткізе аласың. Ойынға салынудың артында жоқшылықтан бөлек рахат өмір сүруге құмарлық тұр. Адам өмірінде тәртіптің болмауы, міне, осындай келеңсіздікке әкеп соғады.

Назерке САНИЯЗОВА

Тағы да оқыңыз: