Kyzylorda-news.kz. Соңғы бір жылда танымал өнер жұлдыздары, блогерлер мен айтыскер ақындар, ең аяғы «Қалаулым» ток-шоуының қатысушыларына дейін лотерея ойнатумен белсенді түрде айналысып жүр. Ернар Айдардың оқиғасынан кейін өнер жұлдыздары аталған лотереядан ешқандай пайда таппайтындарын айтып ақталуда.

Instagram-да мұндай конкурстар қалай өткізіледі, әншілер мен вайнерлерге одан түсетін пайда қанша екенін Azattyq Rýhy тілшісіне елімізге танымал тұлғалардың лотерея ұтыстары мен түрлі гивтерін ұйымдастырумен айналысатын SMM маманы айтып берді.

Лотереядан әншілер ешқашан ұтылмайды

Аты-жөнін көрсетпеуімізді өтінген жігіттің айтуынша, лотерея өткізушілерге ешқандай әнішінің алдануы мүмкін емес. Мұнда алданатын – қарапайым халық қана.

«Лотерея өткізіп жүрген халыққа танымал тұлғалар ешқашан ұтылмайды. Мейлі ол пәтерін, жеке көлігін халыққа сыйға тартты делік, бірақ шындығында ол тегін беріліп жатқан жоқ. Сол халықтың ақшасына өз мүлкін сатып, үстінен қосымша пайда көріп отыр. Мысалы, осыдан бірнеше ай бұрын елімізде аса танымал бір өнер адамы пәтерін ұтысқа тікті. Мен оған SMM маман ретінде таргетинг пен оқырман жинау жағынан қызмет көрсеттім. Ол әнші ұтысқа пәтерін қойып, оны 35 миллион теңгеге бағалады. Лотереяға қатысу құны – 10 мың теңге. Біз сол лотереяның жарнамасымен толықтай айналыстық, тіпті, кейбір ақпараттық сайттар оны жаңалық етіп те жазды. Дәл сол кезде лотереяны елімізде бір ғана компания жүргізеді деген заң жаңадан шығып жатқан болатын, бірақ біз ештеңеге қарамай лотереяны ойнаттық», – деді ол.

Лотереяны өткізу жүйесі қандай?

Лотереяның өткізілу жүйесі өте қарапайым. Қатысушылар санының көп болуы ұтысты өткізуші адамның танымалдығына байланысты.

«Лотереяға қатысқысы келген адам 10 мың теңгені ұйымдастырушылар көрсеткен карточка нөміріне жібереді. Олар туралы мәліметті еxcel-де толықтай толтырамыз, яғни, қатысушының аты-жөні, ЖСН нөмірі мен карта нөмірі жазылады. Билет алған адамға арнайы нөмір беріледі. Сосын аталған конкурс 1 ай мен 2-3 ай көлемінде Instagram желісінде жүргізіледі. Өте танымал адамдар конкурсты бір ай ішінде өткізеді, ал «сөніп жатқан жұлдыздардың» лотереясы 2-3 айға созылуы мүмкін. Лотереяның өткізілу алгоритмі өте қарапайым. Құны 10 мың теңгелік билетті 5 мың адам алды делік, жалпы жиналған сома – 50 миллион теңге болады. Ал ол ұтысқа қойған пәтер құны 35 миллион теңге, ар жағында жаңағы әншінің қалтасында 15 миллион теңге қалды. Оның 1 немесе 2  миллион теңгесін 100 адамға 10 мың теңгеден деп сыйақыға бөлесің, тағы 5 мың теңгеден 25 адамға деп бөлесің. Ақша бергің келмесе, түрлі заттай сыйлықтар аласың. Жаңағы 2 миллионды қосымша сыйлықтарға деп шығарғанда, әншінің қолында 13 миллион теңге қалады. Қараңыз, сонда ол халықтан жиналған 35 миллион теңгеге өз үйін сатты, ар жағында 13 миллион теңге қалтасына салды. Бұрынғы «черный кассаның» жүйесі ғой», – дейді маман.

Таныстарын белгілеп қояды

Кейіпкеріміздің айтуынша, жеңімпаздарды өз таныстары арасынан алдын-ала белгілеп қойып, таңдайтындар да жоқ емес.

«Ұтқан адамды өзің таңдайтындай етіп жасауға да болады, оның өзінің арнайы жолдары бар. Оны өзіміз де жасап көргенбіз. Қай әншілермен екенін қазір сізге айта алмаймын, себебі, олар өте танымал тұлғалар. Жалпы кейбір блогерлер, әншілер лотереяны, гив-конкурстарды шынайы өткізіп, мұқтаж деген адамға тым құрыса пәтерін беріп жатады. Жаңағы айтқан қарапайым гивтің өзінде медиа-тұлға кемі 3 миллион теңге пайда табады. Себебі олардың белгіленген бағасы сондай. Ал 2-3 миллион оқырманың болса, онда сен арқылы лотерея ойнату 5 миллион теңгеден басталады», – дейді ол.

SMM маманы айтар әні, сөйлер сөзі болмаса да, осы лотереяның арқасында қос-қостап көлік мініп, зәулім үй салып байып жатқандар бар дейді.

«Көпшілікке әнші ретінде емес, вайн түсіретін блогер ретінде танымал бір отбасы бар. Әйелі де, күйеуі де осы конкурстарды тұрақты түрде өткізеді. Лотерея мен гивтердің арқасында үш пәтер, бірнеше көлік сатып алды, енді жер үй салып жатыр. Ернар Айдар лотереясын бәлкім таза жүргізейін деп ойлаған да болуы керек. Меніңше, олардың қолдарында ақша болмағандықтан, алдымен халықтан қаражат жинап алайын деді. Оларда қолма-қол ақша болмағандықтан, көліктерді жалға алып, халықты сендіргілері келген. Бірақ кез-келген әнші лотереяның қалай өтетінін жақсы біледі. Алданып қалу сирек кездесетін жағдай», – деді астаналық лотерея ұйымдастырушысы.

Ұйымдастырушыларға түсетін пайда қандай?

Маманның айтуынша, лотерея ұйымдастырушылар әншіге ұсынысты өздері жасаған болса, онда түскен пайда теңдей бөлінеді. Ал әншілер ұйымдастырушыларды жалдаса, тек қызмет құны ғана төленеді.

«Ұйымдастырушылар түскен қаражаттың 50%-ын алуы мүмкін. Себебі лотереяның барлық жұмыстарымен, таргет жүргізу, парақша ашу, конкурсқа қатысушыларды тіркеумен әнші емес, солар айналысады. Ол да өзара келісім арқылы жүзеге асады. Егер әнші өзі тікелей өткізіп жатса, олар біз сияқты SMM мамандарын жалдайды. Біз тек жарнамасымен айналысып, өз қызметіміздің құнын аламыз. Біздің қызмет ондай кезде 1 миллион теңгеге дейін барады. Блогер немесе әнші өзі ұйымдастыратын болса, әлбетте пайданың көбі соныкі. Ал ұйымдастырушылар арқылы болатын болса, пайда екіге теңдей бөлінеді. Көбіне келісім ауызша немесе қолхат түрінде жүзеге асып жатады», – деп аяқтады ол әңгімесін.

Айта кететіні, осыдан бірнеше күн бұрын әнші Ернар Айдар Instagram парақшасында бірнеше көлікті ұтысқа тігіп, лотерея ойнатып жатқан жерінен ұсталған болатын. Бір бөлмеде болған 12 адамды ұстау операциясын Экономикалық қылмыстарды тергеу департаменті жүргізді.

Тағы да оқыңыз: